Коронавирус: Арменияның білім беру мекемелерінде сабақ беріле бастады

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Соңғы мәліметтер бойынша, Арменияда коронавирусты анықтауға бағытталған жалпы 211 зертханалық сынама жүргізіліп, соның біреуі ғана оң нәтиже көрсетті. Дүйсенбіден бастап оқу мекемелерінде сабақ басталады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Дүйсенбі күні коронавирус таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Арменияның Денсаулық сақтау министрі елде індет жұқтырудың жаңа оқиғалары тіркелмегенін мәлім етті.

«Осы уақытқа дейін Арменияда жалпы 211 зертханалық сынама жүргізіліп, соның біреуінен ғана коронавирус анықталған», - деді елдің Денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян.

Армения үкіметінің шешімі бойынша, 9 наурыздан бастап бүкіл республикадағы білім беру мекемелерінде оқу процесі қалпына келтірілді. Бұған дейін Армения үкіметі коронавирустың елде алғашқы тіркелген оқиғаға байланысты оқу процесін уақытша тоқтатып, көктемгі демалысты жоспарланған мерзімнен бір апта ерте ауыстыру шешімін қабылдады.

«Біз үрдістерді мұқият бақылап, Денсаулық сақтау министрімен бірге эпидемиологиялық жағдайды қадағаладық, ЖРВИ-ға шалдыққан азаматтар санының қысқарғанын белгіледік. Оқу мекемелерінде сабақ тоқтатуға себеп жоқ», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында Білім министрі Араик Арутюнян.

Сонымен бірге, үкімет шешімі бойынша, Армения мен Иран арасындағы визасыз режим туралы меморандумның күші уақытша тоқтатылып, Иранмен коммуникацияларға уақытша шектеу қою мерзімін ұзартты.

Еске сала кетейік, 1 наурызға қараған түні Арменияда коронавирус жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. Бір күн бұрын Ираннан келген Армения азаматының тесті оң нәтиже көрсетті.


Фото: www.panorama.am


Соңғы жаңалықтар