Коронавирус: Арменияда білім мекемелері мен балабақшалар жұмыс істемейді

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – 12 наурыз күні Арменияда коронавирусты жұқтырудың жаңадан екі жағдайы тіркелді. Ел Үкіметі вирустың өршуіне қатысты 13 наурызда кеңес өткізеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі хабарлады.

Бұған дейін COVID-19 Иран мен Италиядан келгендерден анықталған болса, жаңа жағдайлар ел ішінде анықталған.

«Жаңадан тіркелген екі науқас инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Вирусты жұқтырғандар – бұған дейін коронавирус анықталған Эчмиадзин қаласының тұрғынымен байланыста болған тұлғалар. Олар өзге науқастармен бірге оқшауландырылды», - деді Facebook-тегі парақшасында елдің Денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян.

Сондай-ақ 12 наурыз күні кешке елде коронавирустың таралуына байланысты биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы премьер-министр Никол Пашинянның қатысуымен отырыс өткізді. Оның нәтижесі бойынша Н.Пашинян Facebook-тегі парақшасында еңбек демалысын үзетінін, ал Армения үкіметі жағдайды жан-жақты бағалау үшін 13 наурыз күні кеңес өткізетінін жазды. Кеңес қорытындысы бойынша бұдан арғы шаралар жарияланатын болады.

Осы ретте, премьер-министр атап өткендей, 13 наурыз күні барлық білім беру мекемелері және балабақшалар жұмыс істемейді. Ол сонымен қатар ел азаматтары сырқаттың қандай да бір белгілері пайда болған жағдайда дереу мамандарға жүгіну қажетті туралы кеңеске құлақ аса бермейтініне өкініш білдірді. Армения үкіметінің басшысы халықты сабырлыққа және елдегі жағдайды асыра айтпауға шақырды.

Соңғы мәліметтер бойынша, елде жаңа індетті жұқтырудың 6 оқиғасы тіркелді. Алғашқы жағдай 1 наурыз күні Ираннан келген Арменияның 29 жастағы азаматынан анықталды. Онымен қарым-қатынаста болған 31 адам Цахкадзор қаласындағы «Golden Palace» қонақүйінде оқшауландырылды.11 наурызда коронавирус Арменияның екі азаматынан (45 және 27 жастағы) және Италияның бір азаматынан (51 жаста) табылды. Үшеуі де Италиядан келген. 12 наурызда тағы екі адамда тест оң нәтиже көрсетті. Осы уақытта оқшауландырылған адамдардың жалпы саны – 88.


Соңғы жаңалықтар