Коронавирус: Алматыда телемедицина орталығы құрылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қалада пандемияның ықтимал жаңа толқынына дайындықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың денсаулық сақтау жүйесінің алдында КВИ бойынша эпидемиялық жағдай асқынған кезде науқастар мен вирус тасымалдаушыларының барынша уақтылы медициналық көмекпен жедел қамту міндеті қойылды.

Қала бойынша 7011 төсек-орын дайындалды. Оның ішінде 250 орын жансақтау бөлімінде дайындалды. 23 COVID стационары дайындалды. 2 жаңа клиниканың құрылысы аяқталды. 500 төсек-орынға арналған инфекциялық госпиталь, 300 төсек-орынға арналған жаңа модульді стационар жасақталды. Осылайша соңғы үш айда инфекциялық төсек-орын саны екі есе көбейді.

Алғашқы медицина-санитарлық көмек жұмысы күшейтілді. Бұл ұйымдарында «таза» және «лас» аймақтар құрылып, ағындар бөлінді. Эпидемияға қарсы режимді, аймақтарға бөлудің сақталуы бойынша бақылау күшейтілді. 73 емханада 298 мобильді бригада қызмет етеді. Телемедицина орталығы құрылды.

Фармпрепараттар және медициналық өнімдер бойынша 10 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Тұрақтандыру қорының шеңберінде 2021 жылдың ақпанына дейінгі есеппен 68 атау бойынша дәрілердің қажетті қоры құрылды. 2021 жылдың 31 қаңтарына дейін кемінде 40 млн дана дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдерді жеткізу жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда фармацевтикалық препараттарды нарыққа жеткізу үшін пайдаланылатын 8 млн дана дәрінің төмендетілмейтін ең аз қоры сақталды. Сонымен бірге қалада дәріханаларға күн сайын дәрілік препараттар мен жеке қорғаныс құралдарының бар-жоғына мониторинг жүргізіледі.

Медицина қызметкерлердің қауіпсіздігі мен дайындығына ерекше назар аударылған. Жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры жасалған. Қалада медициналық бетперделерді шығаратын 6 ірі отандық өндіруші бар. Өндіріс қуаты — 882 мың маска.

Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық мамандармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлерінен бөлек, 2450 маманнан құралған кадрлық резерв дайындалды. Сонымен бірге, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері, дәрігер-интерндерінен резерв құрылды.

43,1 млрд теңге сомасына клиникаларды медициналық жабдықтармен жаңарту және толық жарақтандыру жүргізілді.

COVID-19 алдын алу желісі бойынша зертханалардың дайындығы қамтамасыз етілді. Қалада 18 ПТР зертханасы бар. Оларда тәулігіне 14 050 зерттеу жүргізіледі. Сонымен бірге, тәулігіне 1152 зерттеу қуаттылығы бар 12 ИФТ зертханасы қызмет етеді.


Соңғы жаңалықтар