Коронавирус: Алматы «Ashyq» қосымшасын қолдануда көш бастап тұр

None
None
АЛМАТЫ. Қазқпарат - Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында 17 қаңтардан бастап «Ashyq» пилоттық жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Мекемеге келушілердің коронавирусқа қатысты мәртебесін анықтайтын қосымшаны қолдану бойынша Алматы көш бастап тұр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Короновирус инфекциясының таралуының алдын алу және кәсіпкерлік объектілерінде шектеу іс-шараларын енгізу кезеңінде оларды қолдау мақсатында «Ashyq» пилоттық жобасын іске асыру басталған болатын.

Айтуар Қошмамбетовтың айтуыша, 22 қаңтардан бастап «Ashyq» қосымшасы Infokazakhstan.kz платформасымен біріктірілді. Платформа арқылы қатысушы өтінім беріп, QR код ала алады.

17 наурыздағы жағдай бойынша, «ASHYQ» қосымшасын 32 808 қолданушы жүктеп алған.

Мекемелерге барлығы 233 QR код берілді:

Нұр-Сұлтан қаласы - 62 QR (пилоттық жобаға қатысушылар саны 35);

Алматыда - 110 QR (пилоттық жобаға қатысушылар саны 52);

Қарағанды қаласы бойынша - 34 QR (пилоттық жобаға қатысушылар саны 16).

«ҚР бас мемлекеттік дәрігерінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №7 қаулысымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларындағы кәсіпкерлік объектілерінде «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы шешім қабылданды»,- дейді Айтуар Қошмамбетов.

«Аshyq» пилоттық жобасын келесі кәсіпкерлік нысандарда іске асыруға рұқсат етілген:

1) фитнес-клубтар;

2) спа орталықтары;

3) сауналар, бассейндер;

4) компьютерлік клубтар (18 жасқа дейінгі тұлғаларды қоспағанда);

5) боулинг клубтары.

Бұл ретте Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында пилоттық жобаға қатысатын кәсіпкерлік субъектілері келесі шарттардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет:

- Жобаға қатысатын кәсіпкерлік нысандарына келушілерді кіргізу кіреберісте орналасқан QR-кодты сканерлеген жағдайда ғана іске асырылады (келушінің мәртебесін айқындау үшін)

- «жасыл» түсті мәртебе - келуші деректер базасында covid-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткен ретінде белгіленген;

- «көк» түсті мәртебе - ПТР-тестілеу нәтижесі жоқ, covid-19 жұқтырған науқаспен байланыста болмаған;

- «сары» түсті мәртебе - деректер базасында covid-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған;

- «қызыл» түсті мәртебе – деректер базасында covid-19 оң нәтижесімен тіркелген.

Келушіде смартфон болмаған жағдайда кәсіпкерлік объектісінің қызметкері келушінің мәртебесін оның келісімімен ақпараттық жүйеде тексереді.

«Сары» (covid-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған), «қызыл» (COVID-19-ға оң нәтижесімен тіркелген) мәртебесіне сәйкес оқшаулауға жататын тұлғалар пилоттық жобаға қатысатын кәсіпкерлік объектілеріне кіруіне жол берілмейді.


Соңғы жаңалықтар