Коронавирус: Ақмола облысында диагностикалық зертхана ашылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – 20 сәуірде Көшетау қаласында еліміздегі ПТР (полимераздық тізбек реакция)-зертханаларының тағы бірі жұмысын бастайды. Онда кез келген адам коронавирус инфекциясына тест тапсыра алады. Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев аталмыш зертханада болып, оның дайындығын тексерді. ҚазАқпарат бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігерлердің сөзінше, бұл көп қате жіберетін экспресс-тест емес. Бұл тесттер ДНҚ-мен «жұмыс» істейді. Қазірдің өзінде зертханада 1 мың тест бар. Дүйсенбі күні тағы 6,5 мың тест келеді. Анализ қорытындысы бір тәуліктің ішінде анықталады. Зертханада бес адам жұмыс істейтін болады. Олар материалды терезе арқылы қабылдайды. Нысанда арнайы желдеткіш қарастырылған. 20 сәуірде зертхана науқастар үшін есігін айқара ашады. Мұнда тәулігіне 200 тест алу мүмкіндігі бар.

«Жаңа зертханда коронавирус диагностикасы ПТР (полимеразалық тізбек реакция) әдісі бойынша нақты уақыт тәртібімен зерттелетін болады. Ақмола облысының әкімдігі және облыстық Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жаңа ПТР – зертханасын облыстық көпбейінді балалар ауруханасына орналастырдық. Инвестиция көлемі 100 миллион теңгені құрады. Облысымызда кез келген адам өзін коронавирус инфекциясына тексерте алады», - дейді «Мырза – хан» ЖШС Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша филиалының директоры Әсет Бекбосынов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы тағы бір модульді фармзертханаға барды. Ол Әуезов көшесі, 210 мекенжайындағы «Дивер» медициналық орталығының аумағында орналасқан. Бір қабатты, 6 бөлмесі бар, 3 терезе арқылы материалдар тапсырылады.

Дәрігерлердің сөзінше, мұнда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында тіркелген адамдар қызмет алады. Яғни, коронавирус инфекциясынан бөлек, гепатит, несеп-жыныс инфекцияларына тәрізді өзге ауруларға да сынама тапсыра алады.

«Макинск құс фабрикасы бізге қазіргі замаңғы жылжымалы зертхана сыйлады. Бұл - әрине үлкен көмек. Бұдан бөлек, аталмыш фабрика жалпы құны 23 миллион теңге болатын, әрқайсысы 2300 теңге тұратын 10 мың тест сатып әперді. Әріптестеріміздің қолдауының арқасында енді ақмолалықтар нақты уақыт тәртібімен қажетті талдау жасай алады», - деп атап өтті аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар