Көрмедегі Көкшетаудың құс ұшатын биіктен түсірілген суреттері көрермен қызығушылығын тудырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Көкшетау қаласы тарихы мұражайының көшпелі фотокөрмесіне екі күн ішінде 500-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Көкшетау қаласы тарихы мұражайының қызметкерлері «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкшетау тарихы» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында қаланың көрікті жерлеріне жаяу экскурсия, дәрістер, көрме, акциялар, сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы онлайн мұражай сабақтары мен дәрістер тәрізді тақырыптық іс-шаралар өткізіліп жатыр.

«ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкшетау» көшпелі фотокөрмесі «Туған жер – туған ел» бағдарламасы аясында өткізілетін маңызды іс-шаралардың бірі болды. Ол мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерін Көкшетау қаласының құрылу, даму тарихымен және Тәуелсіздік жылдарындағы туған өлкенің жетістіктерімен таныстыру арқылы Көкшетау қаласының тарихын сақтау және зерделеу, көпшілікке тарату үшін өткізілді. Сондай-ақ, ол жастардың бойында отансүйгіштік пен туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімдерін тәрбиелеуге бағытталған», - деп атап өтті Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Құрылыс-технологиялық колледжінің студенттері үшін қаланың тарихы, оның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жетістіктері туралы баяндайтын «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкшетау» фотокөрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде Көкшетау қаласының қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңдері көрініс тапты, Тәуелсіздік жылдары салынған заманауи тұрғын үй және сәулет ғимараттарының, ескерткіштер мен көрікті жерлердің фотосуреті ұсынылды.

Серікбай Жәнібековтің құс ұшатын биіктен бүгінгі Көкшетаудың бейнесін түсірген фотосуреттері ерекше қызығушылық тудырды. Екі күн ішінде фотокөрмеге 500-ден астам студент пен оқытушы келіп көрді.


Соңғы жаңалықтар