Қорқыныш барлық уақытта болады - өрт сөндірушімен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 4 мамыр Халықаралық өрт сөндірушілер күні саналады. Әрине, бұл атаулы датаның ресми мәртебесі жоқ. Бұл күн 1999 жылы Австралияда орман өртін сөндіру барысында ажал құшқан өрт сөндіру қызметі қызметкерлерін еске алу мақсатында бекітілген. Осындай қауіп-қатер аймағында жүретін мамандар қатарында елордалық өрт сөндірушілер де бар. Аталған атаулы датаға орай Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Ержан Жылыбековті әңгімеге тартқан едік.

- Ержан Сапарбайұлы, өрт сөндіру қызметі карантин кезеңінде де жұмысы тыйылмайтын қызмет санатына жататыны белгілі. Сондықтан карантин жағдайындағы жұмыстарыңыз жайында айтып берсеңіз. Қазір қала көшелерінде көлік санының азаюына байланысты діттеген жерлеріңізге жету оңайырақ болған шығар?

- Иә, карантинге қарамастан жұмысымыз тынымсыз жалғасын тауып жатыр, бір сәтке де дамылдаған емес. Бұрынғы режимде жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Дегенмен, карантин кезінде өрт санының аздап болсын азайғанын атап өткен жөн. Бірақ, құрғақ қоқыстың өртенуі жиілеп кетті. Жеке тұрғын үй секторында өрт азайғанымен әлі де болса орын алып тұрады. Жолдарға және кіреберіс жолдарына қатысты айтар болсам, шындығында да біршама босағаны байқалады. Қалай десем де, бұрынғыдан ауыз толтырып айта қоярлықтай өзгеріс жоқ.

- Бұл қызметке қалай келдіңіз және осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?

- Өрт сөндіру қызметіне сонау 1994 жылдың соңында келген едім. Көңілімнен шықты, қалауым осы болды. Сондықтан өрт сөндіруші мамандығын таңдадым. Жалпы, үйіміз өрт сөндіру бөлімі орналасқан жерге тақау болатын және күн сайын бөлімнен өрт сөндіру көліктерін қалай шыққанын, олардың қалай жұмыс істейтінін бақылайтынмын. Кішкентай кезімізде бәріміз қай жерде өрт шықса, сол жерді төңіректеп, қызықтап жүретін едік қой. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін өртке қарсы күзетке жұмысқа тұрдым. Міне, 25 жыл болды, табан аудармай еңбек етіп келемін.

- Бұл мамандықты таңдағаныңызға өкінген уақытыңыз болды ма?

- Жоқ, еш уақытта өкінген емеспін.

- Ал бұл мамандықтың қандай басымдығы бар?

- Меніңше, бұл ең алдымен өте қызықты жұмыс. Алғаш рет өрт болып жатқан жерге келіп, қызыл жалынмен арпаласу сәтін көрген кезде құлшынысың оянады, бәрі қызық көрінеді. Басқа мамандықта жұмыс істеп көрген емеспін. Сондықтан өрт сөндіруші қызметін ештеңемен салыстыра алмайды екенмін. Алайда, адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе.

- Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма? Өйткені, тілсіз жау құрбанын таңдап жатпайды ғой.

- Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Барлық уақытта бірдеңеден қауіптенесің. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Сондықтан бір нәрсе жасардың алдында барлық тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп, әр әрекетіңнен қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн. Алды-артына қарамай ешкім өртке қойып кетпейді. Тіпті, жұмысқа жаңа алынған жас мамандардың өзіне ойланбастан опық жеп қалмауы үшін әр қадамын абайлап басу үйретіледі. Кез келген адамда қорқыныш сезімі болады. Ақымақтарда ғана қорқыныш болмайтын шығар. Қорыта айтсам, өрт сөндірушіге әрбір қимыл, тіпті өрт сөндіру құбыртүтіктерін қалай бұру керек, адамдарды қалай дұрыс құтқарған жөн деген мәселелер де үйретіледі.

- Жұмыс өтіліңіз - 25 жыл, аз уақыт емес. Осы уақытта қанша өрт сөндіргеніңіз есіңізде ме? Қандай ірі өрт сөндіргеніңіз есіңізде қалды?

- Қанша ойланып, толғансам да 1994 жылдан бері өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп келе жатқандықтан нақты санын айту қиын. Сонау Ақмола кезінде елордада өрт сөндіру бөлімдері ғана болған еді. Бір ауысымда 4-5 ірі өрт болып тұратын. Бір тәулікте екі бөлімнің өрт сөндірушілері 50 рет тілсіз жаумен күреске аттанып тұратын. Сондықтан өрттің бірін екіншісінен ерекше болған еді деп бөле-жара айта алмаймын. Дегенмен, бірде Айнакөл көшесі бойындағы тұрғын үйдің 3 және 8 қабат аралығында электр торабы өртенді. Сол сәтте өте көп адамды құқарып, қауіпсіз жерге шығара алдық. «Еуразия» ауданындағы үйлердің бірінде алюкобонд өртеніп, бірнеше бөлімше жұмылдырылды, көп адамды құтқарып қалдық. «Транспорт Тауэр» ғимаратынан шыққан өртті сөндірген сәт те есте

- Бүгін орман өртін сөндіру барысында мерт болған австралиялық 5 өрт сөндірушіні еске алу мақсатында сонау 1999 жылы бейресми құрылған Халықаралық өрт сөндірушілер күні екені белгілі. Елордада қызметін атқару барысында қаза тапқан өрт сөндірушілер бар ма?

- 1996 жылдан бері 5 өрт сөндірушіден айырылып қалдық. Сол жылы екі өрт сөндіруші қаза тапты. Қайғылы оқиға 2010 жылы қайталанып, 3 адам қаза болды. Бұл Нұр-Сұлтан қаласына қатысты ғана дерек. Содан бері қайғылы оқиға орын алған жоқ. Оған техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау себеп шығар. Жалпы «Ойбай анау алапат өрт еді, мынауы мардымсыз» деп айта алмаймын. Өрт – тілсіз жау. Сондықтан кез келген өртті сөндіру барысында мейлінше сақ болу керек.

- Тұрғын үйлерден шыққан өртті сөндіруде қандай қиындықтар бар?

- Егер ол бірнеше қабатты үй болса, онда ең қиыны өрт болған жерге жету көп уақытта қиындық тудырып жатады. Тұрғындар аулаға көліктерін қойып тастағаннан кейін діттеген жерімізге жете алмай қиналамыз. Айталық, өрт сөндіру көлігі өте алғанымен сатысы бар көліктің жетуі мүмкін болмай жатады. Ол жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін аса қажетті техника екені айтпаса да түсінікті. Яғни, діттеген жеріңе жету - бұл елорданың көптеген аулаларындағы ең басты проблема. Тұрғындар көліктерін қалай болса, солай қойып кетеді. Соның кесірінен өте алмай қаламыз.

- Ал мұндай жағдайда не істейсіздер?

- Көп жағдайда өрт сөндірушілер көлік шын мәнінде өрт шыққан жерге жетуге кедергі келтіріп тұрса, онда қара күшке салып итеріп, жол ашады. Мұндай жағдайда өрт сөндіру көлігінің өтуіне кедергі келтірген көлікті эвакуациялауға арналған арнайы техника да бар. Сонымен қатар эвакуаторы бар полицейлерді де жолды тазартып беруге шақырып жатамыз. Бірақ, көбіне өзіміз қара күшке салып, көліктерді итеріп жол аршуға тырысамыз. Тұрғындар да тез арада келіп, көліктерін жолдан алып кетіп жататыны бар.

- Сұқбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар