Қорқор тартуға рұқсат етілген орын иелері тексерістің жиілеп кетуіне шағымданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы қорқор тартуға рұқсат етілген көңіл көтеру орындарына полиция тарапынан тексеріс пен әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайлары жиілеп кетті.

Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында «ҚР Рестораторлар клубы» ЗТБ президенті Вероника Нұрпейісова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл орын-жайлардың барлығын қайта жабдықтау үшін өте көп қаражат қажет. Сондықтан күштік құрылымдардың тексермеуіне уақытша мораторий енгізуді сұраймыз. Қазіргі уақытта күштік құрылымдар дөрекі түрде келеді, ешқандай ұйғарымдары жоқ. Тіпті қандай команда немесе топ болуы керектігін, ол қандай адамдардан жасақталуы керектігін білмейміз», - деді ол.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары жазып беретін айыппұлдың көлемі 1 айлық есептік көрсеткіштен басталып, 30 АЕК-ке жетіп жығылады.

«Темекі, сонымен қатар темекі емес қорқор қоспасы деген түсінік бар. Қазіргі уақытта бізде Ресейдегідей жасау қажет. Ол жақта бұл темекі, бірақ жемістен жасалған тұздықпен және шәрбатпен араластырылған деп бөліп тастаған. Бізде заңнамалық тұрғыда никотині бар темекі және темекісіз қорқор деп бөліп тастауды ұсынамыз», - деді Вероника Нұрпейісова.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Тахир Әбдірахманов көңіл көтеру орындарын тексеру негізінен азаматтардың шағымдары бойынша және заңнама талаптары қатаң сақтала отырып тексерілетіндігін айтып отыр.

Соңғы жаңалықтар