Көрісу мерекесінің тәрбиелік мән-маңызы да ерекше – тарихшы Саялбек Ғиззатов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Көрісу мерекесінің тәрбиелік мән-маңызы да ерекше. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов өз ой-толғамын былайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Көрісу күнінің тамыры да тереңде, көнеден бастау алады.

-Саялбек Махамбетұлы, Қазақстанның тек батыс өңірі ғана емес, бүкілхалықтық сипат ала бастаған осынау мейрамның шығу тарихына байланысты түрлі пікірлер айтылып келеді. Алдымен тарихшы ретінде осыған тоқталсаңыз?

-Иә, біреулер Көрісу мерекесінің шығу тегін монғолдардың Золгох мерекесімен, екіншілері буряттар мен тувалықтардың Чолукшуур мейрамымен байланыстырса, өзгелері Көрісудің шығу тарихын көне түркі дәуірінен іздейді. Қалай болғанда да көк түріктің ұрпағы саналатын қазақ халқының ежелден келе жатырған дәстүрлі дүниетанымында үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету үлкен рөлге ие.

Біздің пайымдауымызша, Көрісу мерекесі нақты табиғи-географиялық жағдайларға, шаруашылық өмірге байланысты да дүниеге келді. Біріншіден, қазақ халқы, оның арғы ата-бабалары көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, ен далада көшіп жүруге мәжбүр болды. Олардың көші-қон маршруты жүздеген, мыңдаған шақырымдарға жетіп отырды. Бүгінде мұрағат құжаттарында Батыс Қазақстан облысын мекендеген рулардың мекендеріне байланысты көптеген деректер кездеседі. Мысалы, бір ғана байбақты руының ХVІІ-ХІХ ғасырларда жазда Шідерті, Өлеңті, үш Аңқаты өзендерінің бойын (қазіргі Сырым, Теректі аудандары), қыста Кожехаров, Бударин, Лбішін форпостарының (қазіргі Ақжайық ауданы) бойын мекендегендігі туралы нақты тарихи деректер бар. Демек, ата-бабаларымыз қыс жеткенде өзара ақылдаса отырып төрт түлік малымен бірге қыстауларға кетіп, жаз шыға жайлауда бас қосатын болған.

Екіншіден, қазақтардың арасында өзен-көл жағаларында отырықшы шаруашылықпен айналысқан, қалаларда мекендеп қолөнершілікпен, сауда-саттықпен айналысқан адамдар да болды. Сондықтан наурыз айы келгенде жазғы қонысына оралған ағайындар мен отырықшы өмір салтын ұстанған қазақтар да өзара қауқылдасып, көрісетін болған.

Қыстауларға кеткен қазақ руларын көптеген қиындықтар күтіп тұратын. Әсіресе, Батыс Қазақстан аймағын мекендеген қазақтар табиғи жұтқа жиі ұрынып отырған. Мысалы, 1816 жылдың қысында Бөкей Ордасында сұлтан Шығай Нұралыұлының мәліметінше 56 750 бас жылқы аштық пен суықтан өлген. Сонымен қатар Батыс Қазақстан аймағы отарлаушы Ресей империясының құрсауында қалып, жергілікті қазақтар Орал казактарымен, орыс шаруалары және өзге де ұлт өкілдерімен қыстау үшін күрестер жүргізіп отырды. Мұндай қақтығыстар қантөгіске ұласып, адам өліміне әкеліп отырды. Сондықтан қыстан аман шыққан қазақтар «Үй-ішің, мал-жан аман ба?!» деп көрісетін болған.

Көрісу мерекесі кезінде жасы үлкен адам өзінен кішіге «Бір жасыңмен!», «Жасыңа жас қосылсын!» деп айтады. Бұл өз кезегінде Көрісудің жаңа жыл мерекесімен астарлас екендігін көрсетеді.

-Ал Көрісу мерекесі неліктен 14 наурыз тойланады?

-Бұл мәселеге қатысты да ғылымда бірнеше пікір қалыптасты. Бірінші нұсқа монғол халқының Шаған атты жаңа жыл мерекесімен байланысты болып келеді. Өйткені монғолдардың дәстүрлі дүниетанымында тоғыз «тоғыздық» деген түсінік бар. Бұл халық қыс мезгілі 81 күнге, яғни 23 желтоқсаннан 14 наурызға дейінгі кезеңге созылады деп санады. Ал 14 наурыз монғолдар үшін жаңа жыл болып есептелді.

Екінші нұсқа Кеңес үкіметінің рухани көсемі В.И.Лениннің 1918 жылы 24 қаңтарда қабылдаған «Россия республикасында Батыс еуропалық календарьды енгізу туралы» декретімен байланысты. Бұл қаулы бойынша юлиан күнтізбесінің орнына григориандық жыл санау енгізіліп, 1918 жылғы 1 ақпан бірден 14 ақпанмен алмастырылды. Сондықтан осы жаңа өзгерістерге байланысты 14 наурыз көктемнің алғашқы күніне айналды.

Үшінші нұсқа бойынша Көрісу мерекесі халық астрономы Байбақты Қазыбектің күнтізбесіне сәйкес 22 наурыздан сәл ертерек, яғни 14 наурызда тойланады дегенге саяды. Әрине, бұл айтылған нұсқалар егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді.

-Бұл мейрамның тәрбиелік мәні неде деп білесіз және оны кеңінен насихаттау үшін не істелуі керек деп ойлайсыз?

-Шын мәнісінде Көрісу мерекесі тұнып тұрған тәрбиенің жарқын үлгісі болып табылады. Өйткені адамдар әуелден таң атпай үйлерінің есіктерін айқара ашып, көрісе келген қонақтарын құшақ жая қарсы алатын болған. Дастархан жайылып, ас беріліп, тағылымды әңгімелер айтылады. Жастар ауылдың ақсақалдарын арнайы іздеп келіп көрісіп, ақ баталарын алып, рухани қанаттанып қайтады. Сондықтан ағайынмен араласуда, туыстық қатынасты сақтауда Көрісу мерекесі ерекше маңызға ие.

Бүгінде Көрісу мерекесін ел болып тойлау жөнінде игі бастама көтеріліп жатырғандығы белгілі. Біз де өз тарапымыздан осы бастаманы қолдай отырып, төмендегі шараларды жүзеге асыру керек деп санаймыз.

Біріншіден, Көрісу мерекесінің тарихи мән-маңызын ашып көрсететін көркем, деректі фильмдер, бейнероликтер дайындау, оларды бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы насихаттау.

Екіншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көрісу мерекесіне қатысты тың мұрағат құжаттарын, сирек кездесетін әдебиеттерді жинақтау мақсатында зерттеу тобын құру, оның жұмысына қаржылай қолдау көрсету.

Үшіншіден, Көрісу мерекесін әлемдік брендке айналдыру бағытында жұмыстану. Бұл, бір жағынан, рухани дүниемізді байыта түссе, екінші жағынан, елдегі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.

Сондықтан ел болып жұмылып, Көрісу мерекесін кеңінен насихаттау барлық қазақстандықтардың рухани міндеті болмақ.


Соңғы жаңалықтар