Көрісу мерекесінің қайдан шыққанын әлі де егжей-тегжейлі зерттеу қажет – этнограф-ғалым

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін – Қазақстанның батыс облыстары мен Ресейдің бірнеше өңірінде кеңінен тойланатын Көрісу күні. Осыған орай тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Жасқайрат Ерназаров өз ой-толғамын ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

- Жасқайрат Тілекқабылұлы, Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің көршілес облыстарында сақталып қалған Көрісу мейрамы қайдан шықты деп ойлайсыз?

-Иә, Көрісу мейрамы – географиялық таралу аймағы негізінен Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтар арасында сақталған ежелгі дәстүр. Бүгінгі таңда көрісу күні қай жақтан келді немесе қайдан шықты деген мәселе бойынша тарихшылар, этнографтар, мәдениеттанушылар арасында бір ауыздан қабылданған ортақ пікір жоқ, сондықтан бұл дәстүрдің генезисі тұрғысынан егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Біріншіден, кейбіреулер наурыз айының басында бұрын да тойланған, Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады. Яғни, Кеңес өкіметінің Халық комиссарлары кеңесі 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Кеңес өкіметіне енгізілуі» туралы декретін қолданысқа енгізіп, екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күнге жеткен еді. Ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Бірқатар респонденттер осы оқиғамен байланыстырады. Екіншілері ежелден келе жатқан дәстүр екенін баса айтып, көрісу күндерінде рулық бөлімдер арасында да айырмашылықтары бар екендігіне назар аударады. Былайша айтқанда, ру бөлімдерінің қоныстану ерекшеліктеріне, яғни географиялық жағдайына қатысты, қар кетіп, көктем келу мерзімімен сабақтастырады. Үшіншілері бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр деп болжамдайды. Мысалы, археолог-ғалым Андрей Астафьев Маңғыстау өлкесінің тарихын зерттей келе, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тува халықтарынан бастау алады дейді. Адай руының аңыздарына сүйене отырып, Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне олар шығыстан келгенде, өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген деп тұжырымдайды. Бірақ, менің ойымша, бұл жайт бүкіл Көрісу дәстүрінің Батыс Қазақстан аймағына таралуын толықтай түсіндірмейді. Тағы бір пікір бар екендігін айта кетейік, айлардың арабша атаулары: Дәлу, Үт, Амал, Сәуір, Саратан, Зауза, Әсет, Сүмбіле, Мизан, Ақырап, Қауыс, Жеді деп аталады. Әр айдың басталуы 14-інен болғандықтан, 14 наурыз айдың бір бастамасы, яғни амал айы туады, демек, жыл басы деп есептеледі.

- Көрісу дәстүрінің ертеден келе жатқаны анық. Мұны Батыс Қазақстан облысының тұрғындары жақсы біледі. Ендеше, бұрынғы осы салт пен кейінгі жылдардағы мерекенің арасында қандай айырмашылық бар деп ойлайсыз?

- 14 наурызды «Көрісу, яғни қауышу күні» деп, ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бір-біріне «Бір жасыңызбен!», «Жасың құтты болсын!», «Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Жасы үлкендер ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.

Этнографиялық экспедицияларда жиналған мәлімет бойынша өткен ғасырдын басында, мысалы, бұл дәстүр бойынша амал күні киіз үйдегі бүкіл әсем киім-кешектерді, үй заттарын шығарып, іліп қоятын болған. Сол заманның жұртшылық деңгейін білдіретін тағы бір жайт, ағайын, тума-туыстары жақын-жаранның үйіне келгенде, олардың алты ай қыстан қалай шыққанын байқап, егер қыс суығы мен қиындықтары қатты тисе, көмек қолын ұсынатын болған. Қазанға қыстан қалған ет асылуынан да отбасы жағдайын топшылаған дейді респонденттер. Мысалы, жағдайы қиындағандарға қажетіне қарай, мал жинап беретін болған немесе сауынға мал берген. Мұны былайша түсіндірейін, малдын өнімін пайдаланып, төлін өзіне қалдырып, жағдайын дұрыстаған кезде сауынға берген малын кері қайтарып берген. Иә болмаса, болашақта осындай жағдайда қолұшын беруге міндеттенген. Қамқорлық мұнымен шектелмейді, әр адамның жағдайына қарай түр-түрі болған.



Бұл күні әр адам жасы үлкендерден бастап, үй-үйдің есігін ашып, амандық-саулық сұрасып, кіріп шығады. Үйді-үйді аралап, қыдырып жүргенде, кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиеді әрі үлкендер бауырсақ, тәттілерден салып береді. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Қазіргі кезде кейбір аймақтарда ағайындар тойханаға жиналып, қауышып жатады. Бұны дұрыс немесе бұрыс деп бағалаудан аулақпыз, дәстүрдің өз даму жолдары болады. Дегенмен, бұл рухани мән-маңызы зор салтымыз бұрынғы дәстүрден жаңылмаса екен. Яғни той тойлау немесе дастархан басындағы жай қауышу үрдісіне айналмай, рухани әлеуетін жоғалтпай, байыта түссе екен дейміз.

- Соңғы кезде Көрісу күні бүкіл Қазақстанға таралуда, бұған қалай қарайсыз?

- Бұл дәстүр Кеңес үкіметі тұсында да ұмытылған жоқ. Көрісу мерекесі Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында, Ресейдің көршілес Орынбор, Саратов, Самара, Астрахан өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтіледі. Маңғыстауда Көрісу мерекесін Амал мерекесі деп те атайды. 14 наурыз күні басталып, бір ай бойы жалғаса береді. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп, бүкіл елімізге таралып келеді. Бұған бұл дәстүр семантикасының, яғни ішкі мән-мағынасының қазақи болмысына, менталитетіне жақын болуында деп есептеймін. Себебі бұл мейрам ауызбіршілік, кішіпейілділік, татулық, бауырмалдық, ізеттілік, мейірімділік пен қайырымдылыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі болып табылады. Енді Көрісу күні мен Наурызды ажырата қарайық деген де пікір бар. Бұл жайында ұлт болып бір тоқтамға келгенше, көктемнің басын көрісуден бастағанның артығы жоқ шығар. Бізге наурыздың 14-ін көрісу күні, 22-сін жыл басы ретінде тойлай беруге де болады. «Әр жердің салты бір басқа, иті қара қасқа» демекші, әр дәстүрдің өзіндік генезис жолы бар, оған уақыт пен халық қана төреші.

- Ендеше, Көрісу мен Наурыз мейрамы арасында нендей байланыс бар?

- Көрісу мен Наурыз мейрамы арасындағы байланыс деп мынаны айтуға болады. Алдымен дәстүрлі жаңа жылымыздың келуінен бастап бір ай бойы тума-туыс, құда-жекжат, дос-жарандармен қауышып, қыстан аман-есен шығып, бір жас қосылғанымен құттықтау, амандығын тілеп, үлкендердің батасын алу. Бұл дәстүрлердің рухани мағынасы, ішкі мәні жақын, ал бірқатары үшін бірдей, сәйкес келеді. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Ежелгі мағынасы – амандығын түгендеп, жұртшылық көмегін ұсыну, қазіргі тілмен айтқанда, гуманитарлық мағынаға ие дәстүр.



- Әңгімеңізге рахмет. Көрісу мейрамы құтты болсын, Ұлыстың ұлы күні жақсылығымен келсін!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Көрісу дәстүрінің тамыры тереңде жатқаны жөнінде тарихшы Жаңабек Жақсығалиевтің пікірін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген Көрісу мерекесінің мән-маңызын кейінгі ұрпаққа ұғындыра білуіміз қажет екендігі туралы айтты.


Соңғы жаңалықтар