Көрісу мерекесінде үлкендерді телефонмен, видеоқоңыраумен құттықтаған жөн – Атырау облысының бас санитар дәрігері

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Көрісу мерекесінде үлкендерді телефонмен, видеоқоңыраумен құттықтаған жөн. Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов тұрғындарға осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақталған жоқ. Осыған орай,тұрғындар әлеуметтік арақашықтықты, медициналық маска тағу режимін сақтауы қажет.

Адамдар көп жиналатын жерге бармау керек. Әсіресе, ертең, 14 наурызда басталатын Көрісу мерекесінде жасы үлкен адамдарды телефонмен, видеоқоңырау шалу арқылы құттықтаған жөн. Өйткені, жасы үлкен қариялар қауіпті вирус жұқтыру мүмкіндігі басым топқа жатады. Ондай адамдардың көпшілігінде созылмалы сырқаты болуы мүмкін. Сондықтан, сақтық шараларын сақтағанда ғана қауіпті вирустың таралуына тосқауыл қоюға болады» - дейді бас санитар дәрігер Мәдениет Танауов.

Оның айтуынша, өңір тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының тіркелуі тоқтаған жоқ. Сол себептен, әркім алдымен өзінің, ағайын-туысының саулығын ойлағаны жөн.

«Әрине, ежелден келе жатқан Көрісу мерекесінде үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету секілді құндылықтарды жоғалтпауымыз қажет-ақ. Алайда, әр әулеттегі сыйлы қариялардың аман жүргенін қалайтын болсақ, бұл жолы оларға арнайы барып, қол беріп көрісуді әзірге қоя тұрғанның сөкеттігі жоқ. Жасы үлкен адамдар телефонмен, видеоқоңыраумен құттықтағанды түсініспікпен қабылдайды деп ойлаймын. Қазіргі эпидемиологиялық ахуал бізді осындай қадамға баруға мәжбүр етіп отыр», -деді Мәдениет Танауов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 662 бала коронавирус жұқтырғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар