Көрісу – көктемге аман-есен жеттік дегенді білдіру – өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Еліміздің батыс аймағында 14 наурызда Көрісу басталады. Көрісу – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүрдің бірі. Көрісудің ұғымы – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіру. Атыраулық өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі Өтепберген Әлімгереев Көрісудің мәні мен ерекшелігі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

– Өтепберген Әлімгерейұлы, 14 наурызда Көрісу басталады. Бұл күннің мәні неде деп ойлайсыз?

– Ұлы Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дегені Көрісудің мәнін аша түсетіндей деп ойлаймын.

Әр кәсіпке күн арнап, жеке-дара шараға дастарқан жайып жатпаған ата-бабамыздың маңдайына жазған екі-үш мейрамы болған. Соның ең үлкені де, ұлысы да – Наурыз тойы. Жалпы Наурыз тойының ерекшелігі, бұл – күллі қазаққа ғана емес, барлық мұсылман баласына ортақ мереке. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі.

Шығыстың жеті жұлдызының бірі Омар Һаямның «Наурызнәмесінен», басқа да көне әдебиеттерден ай күнтізбесі туралы көруге болады. Оның мәнісі – қашан да әр айдың 14-де Ай толысады. Соған сай халқымыз бұл күнді айдың (жұлдыздың) бір жаңасы дейтіні белгілі. Өйткені, жұлдыз – қазақ ұғымында айдың синонимі. Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің

«Кім сендерді сағынар шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең,

Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,

Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін» - деген жолдарындағы «жұлдыз сайын хат жазып тұр» дегені күнбе-күн деген ұғымды бермейді. Бұл ай сайын дегені ғой.

Қазақтың қисса-дастандарында сұлу қызды «он төртінде толған айдай» деп жырлайды. Бұл – қыздың әбден бойжетіп, кемеліне келгені. Сайып келгенде мұның бәрі – күллі қазаққа тән ортақ ерекшелік. Бірақ, Наурыздың барша қазаққа ортақ емес бір тұсы бар. Бұл – көбіне-көп кең байтақ Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жекжат, барлық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісуі. Бір қарағанда, бұл – қазақ халқымен бірге ұмытылмай келе жатқан игі дәстүр.

Наурыздың 14-де кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп амандасады. Қол ұсыну кезегі – жасы кішінікі. Үлкендер ылғи да жастардың көрісуін дәметіп, күтіп отырады. Бұл – кейінгілердің аға ұрпақты сыйлауы, құрметтеуі. Яғни бірінші жақ «Қолымда ешнәрсе жоқ, ақ-адал доспын, сізге Алланың нұры жаусын» десе, үлкені «Міне, менде де ештеңе жоқ, саған да нұр жаусын, аман бол» дегенді білдіреді. Көрісудің астарында жақсылық-жамандық адамның қолымен жасалады, қол таза болса, ниет түзу, пейіл ақ деген ұғым жатыр. Соңғы кезде Кеңес үкіметі келген соң, халық Юлиан күнтізбесі бойынша наурыздың 14-інен бастап көріседі.

– Көрісудің ерекшелігіне тоқталсаңыз?

– Көрісуде ер адамдар мен әйел адамдардың арасында шектеу болмайды. Тек қайын ата мен қайынаға келіндеріне қол беріп көріспейді. Келіндері де солай. Жалпы жасы кіші ер адам әке-шешеден бастап, барлық тума-туысымен көрісе береді. Көрісу алдымен әркімнің өз үйінде, ата-анасынан басталып, әрі қарай жалғасады. Алыстағы ағайынға арнайы барып көріседі.

– Өзіңіз айтып отырған Көрісудің міндетті талаптары бар ма?

– Жастар үлкендерге сәлем беріп, екі қолын ұсынып көрісу шартын жасаса, жасы ұлғайған аналар бір-бірінің алақанына алақан тосып, құлаштаған күйі әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіріп, құшағын жазған күйі төске-төс түйістіреді, қайтадан алақандарын қосып көріседі. Жалпы ер адамдар қос қолын ұсынып, көрісе береді. Көрісу кезінде ертеде кем дегенде бес үйге бас сұғып, сәлемдесу міндеті болған. Көрісу күнінде ешкім ешкімді шақырмайды. Бірақ, жастардың үлкенге сәлем беріп, көрісуі – парыз.

– Көрісу шарасы қанша күнге созылады? Мұның шекті мерзімі белгіленген бе?

– Әдетте жыл аяғына дейін жалғасқанымен, Көрісу – бір ай шамасында өтетін игілікті шара. Оның бұзылмас заңы – ер адамның жасыының үлкен-кішілігіне қарамай, ұзатылған қызға арнайы барып көрісуі. Жөн білетін бәйбішелер келінінің әке-шешесі алдында қызармас үшін соғымның шұрайлысын іркіп ұстап, құда-құдағиындай сыйлы қонағына сақтайды.

Сондай-ақ, мереке кезінде үйдегі барлық киім-кешек мен өлі мүліктер де сандықтар мен бумалардан шығарылып, адалбақанға ілінеді. Бұл, біріншіден, мереке кезінде барлық жанды-жансыз жылды көруі керек деген қағидадан туындаған.

Екіншіден, малдан басқа мақтанары жоқ көшпенділердің табиғи мақтанышы – үй көрсетуі. Бұрынырақта байлар асыл мата, қымбат аң терісін киіз үйдің сыртына ілдірген. Сонда қыр басынан қарағанда, түрлі түсті дүниеден тұратын керемет көрме секілді әсер қалдырған. Сонымен бірге, Айт пен тойдан басқа күндері қарапайым киіммен-ақ ауыл-ауылды аралай беретін қазекең осы кезде бір қабат болса да жаңа киім ауыстырып киюге тырысқан. Яғни күллі дүние жаңарып-жасарып жатқанда табиғаттың төл перзенті саналатын адам да одан шет қалғысы келмеген. Осылайша, ескі жылдағы қайғы-қасірет пен өкпе-реніш сол ескі киіммен келмеске кетсін дегенді де меңзеген.

– Енді Көрісудің басты ұғымы туралы айтып берсеңіз?

– Көрісудің басты ұғымы – өткен қыстан, жылдан аман-есен шықтық, жаңа жылға, табиғаттың жап-жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіру. Енді қиындық жоқ, адамның аузы аққа (уызға), малдың аузы көкке тиді деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.

Міне, бұл – бізге ата-бабадан жеткен игі дәстүрдің бірі. Ендеше, Көрісу күні бақ-берекеге бастап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көрісуден күнінен Көрісу күніне аман-есен жетейік.

– Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар