Көрісу - ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  14 наурыз - Көрісу күні Қазақстанның батыс өңірі үшін ежелден келе жатқан қазақ дәстүрі болып есептеледі.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Жасқайрат Ерназаровтың пайымдауынша, көрісудің шығу төркіні туралы түрлі жорамал болғанымен, оның бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан дәстүр екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ретте көрісудің аймақтық ерекшелігін айту керек. Яғни бұл - негізінен Қазақстанның батыс өңіріне кеңінен сіңген, осы аймаққа тән дәстүр.

Көрісу күні жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырып, көріседі. Ақсақалдар «Бір жасың құтты болсын!» деп, жастарға баталарын береді. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады.

«Көрісу Қазақстанның Атырау, Маңғыстау облыстарында да тойланады. Тек Маңғыстауда «Амал мерекесі» деп айтылады. Оның көрісуден айырмашылығы жоқ, тек атауында ғана. Мұның сыры «Қыстан аман өттік, бір амалын жасадық, бір ісіміз бітті» дегенді білдіреді. Көрісу сондай-ақ Батыс Қазақстанмен көршілес Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарының қазақтар көп шоғырланған жерлерінде аталып өтіледі», - дейді этнограф.

Айта кетерлігі, кейбір сарапшылар Көрісуді Юлиан күнтізбесінен Григориан күнтізбесіне ауысумен байланыстырады. Алайда есептеп қарағанда, бұл қисынға келмейді. Көрісу ең алдымен қазақ халқының көшіп-қону салтына байланысты. Ертеректе қазақтардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, әр рудың өзінің көктеуі, жайлауы, күздеуі және қыстауы болған.

Мысалы, Әбілқайыр хан заманында жайлау кезінде солтүстікке қарай, Орынбор облысына көшіп баратын. Ал қыстақ кезінде керісінше оңтүстікке қарай, 500, 1200 шақырымға дейін, Маңғыстау, одан әрі Түркістанға қарай көшетін болған. Тіпті Батыс Қазақстан облысының өз табиғатында айырмашылықтар бар. Нарын құмын жайлайтын Бөкей ордасында, Жаңақала аудандарында қыс жайлырақ болып келеді. Демек, қыс солтүстік өңірлерде наурыздың аяғына дейін созылса, оңтүстікте көктем ертерек, осы айдын ортасына таман келеді. Көктем келіп, қыстан мал-жанның аман шыққанына қуанған халық 14 наурыз күні бір-бірімен көрісіп, тойлайтын болған.

Кеңес өкіметі Көрісу мейрамына ескінің сарқыншағы, феодалдық қалдықтар деп қарап, тыйым салды. Соған қарамастан, ауыл-ауылда бұл дәстүр тыйылған жоқ. Бір шаңырақтың өзінде жасы кішілер бұл күні ерте тұрып, үлкендерге көрісуге тырысатын. Үлкеннен бата алуға асығатын.

«Наурыздың өзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіретіні мәлім. Сондықтан жаңа күн туып, бір жасқа толған халық көктем келгенде қалайша қуанбасын! Қалайша тойламасын! Қазақстан кең байтақ болғандықтан, әр аймақтың өз табиғи ерекшеліктері бар. Айталық, оңтүстікте көктемді наурызша торғайдың ұшып келуімен байланыстырады», - дейді тарихшы.

Тағы бір айта кететін жайт, Көрісудің діни астары жоқ. Қазақ діни мерекелерді «Ораза айт», «Құрбан айт» деп бірден бөліп айтқан.

Батыс Қазақстан облысында «көрісу күні наурыздың 14-і емес, 15-іне болуы керек» деп есептейтін кейбір рулар да бар. Бірақ мұның қайдан шыққандығын өздері айтып бере алмайды. Сондықтан негізгі көпшілік 14 наурыз күні көріседі.

«Жалпы, Наурыз - береке, бірлік айы. Көрісуді де жаңару мерекесі, адамдарды бір-біріне жақындастыратын ұлттық салт-дәстүр деп айтуға болады. Бұл күні біздің университетте де студенттер ұстаздарына көрісіп, үлкендер «Жасың құтты болсын!» айтады»,  - деді Жасқайрат Ерназаров.

Ал Орал қаласының тұрғыны, жасы 90-нан асқан, Орал педагогикалық институтында (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) жарты ғасыр бойы қазақ тілінен сабақ беріп, ұстаздық еткен Шәнда Жұмағазиева Көрісу дәстүрінің қиын-қыстау жылдарда да үзілмегенін айтады.

«Қазақ халқына өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы және қырқыншы жылдары өте ауыр тиді. Халықтың бірсыпырасы аштықтан қырылып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, кейін оған Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыртпалық қосылды. Осындай қиямет-қайым кезеңнің өзінде Көрісу секілді ізгі дәстүріміз жойыла қойған жоқ. Әсіресе, балалар үшін үлкен мереке болатын. Үй-үйді аралап, үлкендерге жаппай көрісетін. Әйелдер болса, қазан көтеріп, бар дәмдісін салатын. Ақсақалдар батасын беріп, айнала керім жарасымын табатын. Қазір, шүкіршілік, бәрі жеткілікті. Еліміз даму үстінде. Олай болса, татулықты бекітіп, халқымыздың ұйымшылдығын арттыратын Көрісу мейрамының да орны бөлек. Ендеше, өзімнен кейінгілердің бәріне «Жастарың құтты болсын, қазан толып, береке-бірлігіміз артып, табыс-жетістігіміз молая берсін», деп тілек арнаймын», дейді ардагер-ұстаз Шәнда Жұмағазиева.   

Соңғы жаңалықтар