«Қорғастан» Құрық портына алғашқы жүк жөнелтілді

None
None
ҚОРҒАС. ҚазАқпарат - Бүгін салтанатты түрде ашылған Құрық портындағы мультимодальдық көлік хабына Қорғас құрғақ портынан алғашқы жүк жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қызанақ пастасы тиелген 82 контейнер Құрық портына жөнелтіліп, одан әрі Грузияның Поти порты арқылы Италияға жеткізіледі. Бүгін құрғақ порт территориясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен тікелей телекөпір ұйымдастырылды. 

«Дәл осы сәтте Қорғас құрғақ порты Құрық порты бағытында одан әрі Транскаспий дәлізімен Еуропаға тұрақты түрде контейнер пойызын бағыттамақ. Бұл логистикалық тізбек - Қытай, Еуропа, Кавказ елдері үшін өте тиімді. Транскаспий халықаралық дәлізінің мультимодальды контейнерлік маршруттарын біріктіретін пойызды жөнелтуге рұқсат беруіңізді сұраймыз», - деді Қорғас шығыс қақпасы еркін сауда аймағы басқару компаниясының бас директоры Мұрат Баймұханбетов.

null

Елбасының мақұлдауынан соң қызанақ пастасы тиелген алғашқы 82 контейнер Құрыққа жіберілді. 

Бүгінде Қорғас құрғақ порты әкімшілігі мен Құрық порты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. 

«Біз осы бағытта Құрық портымен ІТ саласындағы мүмкіншіліктерімізді біріктіреміз. Бұл клиенттер үшін өте ыңғайлы болмақ. Бізге түскен ақпарат автоматты түрде Құрыққа жіберіліп отырады. Біз Транскаспий маршрутын дамыту қауымдастығы аясында Құрық портымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін алғашқы жүк пойызы Грузиядағы Поти портына жеткізіліп, одан әрі Италияға жөнелтіледі», - деді KTZE Khorgos Gateway ЖШС бас директоры Жаслан Хамзин. 

null

Осы айтулы шараға оннан астам елден келген көлік-логистикалық компаниялардың өкілдері қатысты. Олардың арасында Әзербайжан, Иран, Қытай, БАӘ, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан және басқа да елдердің мамандары бар. 

Айта кетейік, Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Ауа райының қолайлылығына байланысты портта қысы-жазы тоқтаусыз автокөлік пен теміржол паромы жұмыс істейді. Каспий теңізі арқылы батыс бағдарда экспорттық әлеуетті күшейту үшін паром қызметін қолдану жайы Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол -Болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылды.

 nullnullnull

null

Соңғы жаңалықтар