«Қорғас» шекаралық ынтымақтастықты дамыту орталығының инвестициялық жобасы қайта қарастырылмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қорғас» шекаралық ынтымақтастықты дамыту орталығының инвестициялық мүмкіндігі жоспарлаған межеден төмен болып шықты. Соған байланысты жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне өзгерістер енгізілетін болды. Бұл туралы бүгін өткен әлеуетті инвесторлар мен сауда серіктестіктерін тарту бойынша «Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құру» жобасының Қазақстан мен Қытайдың бірлескен таныстырылымы барысында «Қорғас ШЫХО» АҚ-ның халықаралық ынтымақтастық және инвестиция басқармасының басшысы Құрбанджан Ахметов айтты.

«Жоба жүзеге асқалы бері инвестициялық қаржы тартуда мүмкіндігі төмен екендігін айқындады. Нағыз қаржы салушыларды тек қоймалар ғана логистикалық тұрғыдан қызықтырып отыр. Мәселе орталық арқылы өтетін жүк көліктері мен жолаушылар санының болжанған межеге жетпеуінде болып отыр. Жобалық болжам бойынша орталық арқылы 10 мың 400 адам, 500 жүк көлігі өтеді деп жоспарланған болатын. Ал қазір тәулігіне орталықтан 1700 адам, 200-300 жүк көлігі өтуде. Жеке инвесторлардың салған қаржысы өзін-өзі ақтамай жатыр», - деді Қ.Ахметов. Сондай-ақ қос тараптан қатынайтын жолаушылардың құрылымы мен сапар мақсаты да әртүрлі. Қазақстандықтар Қытайға сауда жасау үшін шықса, қытайлықтар Қазақстанға туристік сапармен келеді. Маманның айтуынша, жұмыс істеп тұрған сауда және қонақ үй обектілерінің инвестициялық қуаты қатынайтын жолаушылардың саны мен құрылысына сай емес. Сондықтан инвесторлар аталған жобаларды қаржыландырудан тартынып отыр. «Акционерлік қоғамның директорлар кеңесі осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Үкіметімен, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен мақұлданған техникалық экономикалық негіздемеге өзгерту енгізуді жөн деп тапты. Аталған өзгерту осы жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Жаңа жоба бойынша салынатын инвестицияның жалпы көлемі 800 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл сома алдыңғы инвестициялық жоба бойынша салынған қаржымен салыстырғанда 3 есе аз», - деді ол. 2013 жылы «Қорғас» орталығы арқылы 164 қазақстандық өткен. Қазіргі таңда Орталықтың инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы аяқталып келеді. 2014 жылдың шілдесінде жүк терминалдарының ресми ашылуы болады деп жоспарланып отыр. ҚХР бас кедендік басқармасының мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 11,3 пайызға артып, 28,5 млрд. долларға жетті. «2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 млрд. АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр. Мұндай жетістікке жетуге біздің орталықтың көліктік-транзиттік мүмкіндігі өз ықпалын тигізері сөзсіз», - деп қорытындылады Қ.Ахметов.

Соңғы жаңалықтар