«Қорғас» орталығында I Еуразиялық қаржы-экономикалық форумы өтті

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат- Алматы облысы Панфилов ауданы «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында I Еуразиялық қаржы және экономикалық форумы өтті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісі аудандық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үш күнге жалғасқан халықаралық форумға Ресей, Өзбекстан, Тайвань, Беларусь, Украина және басқа да мемлекеттен 150-ге жуық делегат қатысты. Аталған форумда тәжірибе алмасу, қаржы жүйелерін ұйымдастыру, инвесторларға осы тараптан кеңірек мүмкіндік жасау, сауда экономикалық аумағын кеңейту, туризм саласын дамыту сынды тағы басқа да бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер талқыланды.

«Атап айтқанда, қазіргі уақытта шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығында қаржы жүйесімен жұмыс істеу мүмкін емес. Банк бөлімдері тіпті, қарапайым банкоматтар да жоқ. Бұл өз кезегінде осы орталыққа қаржы құйып отырған инвесторларға кері әсерін тигізетіні анық», - дейді «Центркредит» АҚ Бақылау кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітов.

Ал Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің айтуынша, екі мемлекеттің ынтымақтастығы нәтижесінде ашылған осындай ірі халықаралық орталыққа назарын аударған мемлекеттер қарасы көбейіп келеді. Тауар айналымы еселеп артып, инвесторлардың саны да өскен. Бұл ретте С. Бескемпіров оннан астам мемлекеттің 1 000-нан астам тауарлары сатылатын халықаралық орталықта барлық жағдай жасау үшін осындай ауқымды кездесулер қажет екенін атап өтеді.

Сонымен қатар, жиын барысында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА орталығы бас директорының орынбасары Асқар Ешенханов, бүгінде Панфилов ауданының аумағында мемлекеттің ірі жобалары жүзеге асырылуда.

«Он жыл бұрын ештеңе жоқ ауданда темір жолдар салынып, қалашық бой көтерді. Ұлы Жібек жолы жаңғырып, тамырына қан жүгірген ауданның болашағы кеңейді. 1 мыңнан астам жұмыс орыны ашылды. Қазіргі уақытта ауданда әуежай салу қолға алынып жатыр. Салынған инвестиция көлемі 450-500 млрд теңгеге жеткен. Бұның барлығы инвесторлармен дұрыс жұмыс істеудегі жеміс», - деді С. Бескемпіров.

Бұдан соң әр саланың өкілдері өздерінің жетістіктерін таныстыра келе, жеке-жеке дөңгелек үстелде кездесіп, бірлесе жұмыс жасауға өзара мемерандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар