Қорғас кеден бекетінен заңсыз қаржы мен темекі алып өтпек болғандар құрықталды

Фото: Фото: КГД МФ РК
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тек 3 күнде «Қорғас ХШЫО» кеден бекетінде шетел валютасын тасымалдаудың 4 фактісі және темекіні тасымалдаудың 6 фактісі тоқтатылды. Бұл туралы ҚазАқпаратқа Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен хабарлады.

«Қорғас ХШЫО» кеден бекетінде жеке тұлғалардың қолма-қол шетел валютасын декларацияламау фактілерін анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде шекаралық бақылау қызметкерлерімен бірлесіп, ҚР-дан ҚХР-ға шығу кезінде шетел валютасын алып өтудің 4 фактісінің жолы кесілді.

17 мамырда ҚХР азаматынан 20 000 АҚШ доллары сомасында декларацияланбаған қаражат анықталды.

Сол сияқты, 18 мамырда 10 000 АҚШ долларына және 270 000 теңгеге декларацияланбаған қаражат сомасымен Қазақстан Республикасының азаматы тоқтатылды, ҚР басқа азаматынан жүк дөңгелегінің багаж бөлігінде 6 млн теңге жасырылған пакет табылды.

Келесі күні «Қорғас ХШЫО» кеден бекетінің жолаушылар терминалының залында республика аумағынан кету кезінде Қазақстан азаматы 11 065 000 теңгемен ұсталды.

Одан бөлек, дәл осы кеден бекетінде кедендік бақылау жүргізу кезінде шекаралық бақылау және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ҚР-ға кірген кезде темекі тасымалдауға тырысудың 6 фактісі анықталды.

18 мамырда Қазақстан аумағына әкелу кезінде екі жағдайда ҚР азаматтарынан 52 және 12 блок мөлшерінде «Милано» маркалы темекі өнімдері табылды және тәркіленді. 19 мамырда автокөлік тұрағында «ORIS» иесіз темекінің 60 блогы табылды.

20 мамырда Қазақстан аумағына әкелу кезінде үш жағдайда «Милано» маркалы темекінің 35 блогы, «ORIS» темекісінің 100 блогы, түрлі маркалы темекінің 691 блогы табылып, тәркіленді.

Барлық фактілер бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар