«Қорғас ісі» бойынша тәркіленген 2 пәтер 202 млн теңгеге сатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жауапқа тартылған мемлекеттік қызметкерлердің есебінен қала бюджетіне 202 млн теңге түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2015 жылдан бүгінге дейін тәркіленген 7 пәтер қала меншігіне өткен. Соның бірі «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының» бұрынғы басшысы Қажымұрат Үсеновтың «Мамыр-4» ықшам ауданында орналасқан пәтері тәркіленіп, Алматы қаласы «Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына» берілген.

Алматы қаласының Қаржы басқармасынан ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауалға: «Тәркіленген жылжымайтын мүлік мемлекеттік қорға қосылып, үй кезегінде тұрғандарға үлестіріледі. Егер мұндай обьектілердің көлемі нормадан асып кетсе, мемлекеттік органдарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға беріледі. Немесе ggosreest.kz электронды сауда алаңында аукционға қойылады»,-деп жауап берді.

Тәркіленген 7 пәтердің 2-уі «Қорғас ісімен» айыпты болған Бақытбек Құрманғалиевке тиесілі. «Мирас» ықшам ауданындағы орналасқан тұрғын үйлер физикалық тұлғаға 202 млн теңгеге сатылған. Одан түскен қаражат қалалық қазынаға құйылған. Қазір аталған ұйым ҚР ҰҚҚ Шекара қызметі басшысының орынбасары Алима Хасенова мен шекарашы Станислав Шереметьевтерге тиеслі мүліктің бөлігін саудаға салумен айналысуда.

Алима Хасенованың аяқталмаған үйі «Алматы» ӘКК қарамағына өтсе, Станислав Шереметьевтың Шашкина көшесіндегі пәтерінің бөлігі сатылған.

Бұдан өзге, қалалық қаржы басқармасында істі болған бұрынғы мемқызметкерлер Құрманбек Артықбаев, Данияр Әбдиев, Рашид Есенжановқа тиесілі мүлікті ақшаға айналдыру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар