Қорғас ісі: Апелляциялық алқа бір сотталушыны қамаудан босатты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ел тарихындағы ең атышулы Қорғас ісі қатысушыларының апелляциялық шағымы бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ-нің ҚАКЖ басқармасының мемлекеттік мекемесі «ЛА-155/18» ғимаратынан.

Апелляциялық алқаның судьясы А.М. Нұрбеков Марлен Садыбековке шығарылған үкімді өзгертіп, оған 2 жыл шартты жаза кесу туралы үкім шығарды. Алдыңғы сот шешімі бойынша оған 5 жылға бас бостандығынан айыру әрі дүние мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарылған болатын. Қалған фигуранттар бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, атышулы «Қорғас ісі» бойынша сот үкімі сәуірдің 12-сі күні оқылған болатын. Сотқа төрағалық еткен судья Советхан Сәкенов «Қорғас ісі» бойынша басты фигуранттар Т.Қайырбаев, Б.Отарбаев, Т.Жақаев, И.Әбдірахманов, Б.Құрманәлиев және Қ.Артықбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танып, 13 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Қалған айыпталушылар бес жыл мен 10 жыл аралығындағы түрлі мерзімге сотталды.

Ел тарихына ең ірі сот қарауы ретінде енген «Қорғас ісі» бойынша 45 адам айыпталған. 3 айыпталушы ғана «ешқайда кетпеу туралы қолхат» беріп, тиісті тәртіпке міндеттелді.

Қылмыстық іс 1576 томды құрады, әрі аса көп мөлшердегі заттай айғақтардан тұрды. Оның ішінде соттың айыптау шешімінің өзі аудармасымен бірге 70 томға арқау болды. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеулер кезінде 500-ден астам түрлі сараптама жүргізілді, кеден қызметінің мамандары ұсталған тауарлардың кедендік құны бойынша 400-ге жуық анықтама берді. Іс материалдарына арнайы жедел тергеу-іздестіру шаралары мен жекелеген тергеу амалдары кезінде алынған 748 аудио және бейнежазба жазылған 398 компакт диск қосылды.

Іске төрт мемлекеттік айыптаушы, 35 адвокат қатысты. Сот қаулысымен айыпталушылардың жақын туыстары арасынан 45 адам айыпталушылардың қорғаушылары деп танылды.

Соңғы жаңалықтар