Қорғас бекеті ашылған бірінші күні шетелге кәріптас апара жатқан қазақстандық ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» кеден бекетінде салмағы 336 грамм кәріптасты контрабандалық жолмен көрші елге алып кету фактісінің жолы кесілді. Бұл туралы Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

«Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» ашылуының алғашқы күнінде, яғни 2023 жылдың 24 сәуірінде кеденшілер шекара қызметінің және Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, автокөлікті тексеру кезінде Қазақстаннан Қытайға бара жатқан ҚР азаматы М. тізгіндеген автокөліктің багажынан жалпы салмағы 336 грамм болатын 9 дана кәріптастапты.

Қазіргі уақытта контрабандалық тауар асыл тасты жіктеу және құндық сипаттамаларының нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін анықтау, кінәлі адамға түпкілікті шешім шығару үшін орталық кеден зертханасына сараптамаға жіберілді.

Зертхана тәркіленген тастың бағалы тастар санатына жататынын растаған жағдайда кінәлі тұлға ҚР ӘҚБтК 545-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.


Бұл жағдайда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді, ал тауар тәркіленуі мүмкін.

Егер расталмаған жағдайдатауарларды декларацияламағаны немесе жалған кедендік декларация жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК 551-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылады, жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 24 сәуірінен бастап үш жылдық қызметін тоқтатқаннан кейін «Қорғас» кеден бекеті өз жұмысын қайта бастады.

«Осыған байланысты барлық азаматтар мен «Қорғас» ХШЫО» келушілерінен ҚР және ЕАЭО кеден заңнамасын мүлтіксіз сақтауды сұраймыз» деп ескертеді мемкірістер департаменті.


Соңғы жаңалықтар