Қорғаныс вице-министрі кейбір процестердің әлі кеңес заманындағы тәсілмен жүргізілетінін мойындады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Қарулы күштердізаманауи ақпараттық инфрақұрылыммен жабдықтаудағы проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қорғаныс министрлігінде ІТ-мамандар тапшы. Ол да белгілі. Негізі бұл мәселе тек әскерге ғана байланысты емес. Нарықта да бұл проблемалар бар. ІТ-мамандардың тапшылығы жоғары. Бұл – бірінші. Екіншіден, біздің ІТ-мамандар мен нарықтағы ІТ-мамандардың айлықтарын салыстырсақ, олардың жалақысы біздегілерден 3-4 есе үлкен. Сондықтан бізде жұмыс істеп жүрген мамандар келісімшарт біткеннен кейін нарыққа кетіп жатады. Бұл да бір мәселе», - деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ ол ведомствоның кейбір процестері әлі кеңес заманындағы тәсілмен жүргізілетінін мойындады.

«Одан бөлек, тиімсіз бизнес-процестер кеңінен таралған. Бұл – кеңес үкіметінде немесе бұдан 10-20 жыл бұрын болған процестер. Әлі күнге дейін сол күйінде жүргізіледі. Ештеңе өзгермеген. Ал енді азаматтық қоғамға қарасақ, біздің күнделікті мінез-құлқымыз өзгерген. Мысалы, ауруханаға немесе банкке бару операциялары қазір мүлдем басқаша. Ал Қарулы күштерге келсек, көптеген процестер ескі тәсілде қалып отыр», - деді Дархан Ахмедиев.

Оның мәліметі бойынша, жер-жердегі әскери бөлімдер қолданыстан шығып қалған техниканы пайдалануға мәжбүр.

«Компьютерлер, серверлер, комутаторлар көбінесе ескірген. Мұны да мойындауымыз керек. Соңғы үш айда оншақты әскери бөлімді аралап шықтым. Солардың ішінде 1-2 әскери бөлімде осыдан 10-15 жыл бұрын қолданыстан шыққан. «Pentium III»-пен жұмыс істеп отыр. Ол да бір үлкен мәселе. Бұл мәселелерді шешу үшін алдымызға нақты мақсаттар қойып отырыз», - деді вице-министр.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі қаңтар оқиғасынан кейін Қарулы күштердің қолбасшылық құрамы неше пайыз жаңарғанын мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар