Қорғаныс министрлігінің ұшақтары Чехияда жаңартудан өтті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігінің L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары Чех Республикасында модернизациядан және күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, L-39 – курсанттарды ұшудың алғашқы техникасына үйретуге арналған ұшақтар. Олар мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шарты аясында өндіруші зауытқа жөндеуге жіберілген.

Модернизациядан өткен ұшақтың жаңа цифрлық және катапульттік жүйесі, объективті бақылауы, байланыс құралдары және тағы басқалары жаңарды.

«Бұл ұшақта курсанттарды үйретеміз. Өз бетімен ұшу олар үшін аса маңызды. Осыдан ұшу шеберлігін игерудің алғашқы қадамы басталады. Бұдай кейін оларға жай және күрделі пилотажға, бағыт бойынша, бұлттарда, төмен биіктікте ұшуға рұқсат беріледі», – деді авиациялық оқу-жаттығу орталығының командирі Азамат Асанов.

Қазір жаңғыртылған ұшу аппараттарында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының үшінші курс курсанттары тәжірибеден өтіп жатыр. Ұшу басталғанға дейін болашақ ұшқыштар ұшақтың теориялық және материалдық бөлігін, ұшу жұмысын және ерекше жағдайларда әрекет ету тәртібін реттейтін құжаттаманы зерделейді. Оларға L-39 оқу-жаттығу жауынгерлік ұшағын меңгеруге тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушылар көмектеседі.




Фото : gov.kz


Соңғы жаңалықтар