Валюта бағамдары:
    usd/kzt 465.95 eur/kzt 485.43

    rub/kzt 7.72 cny/kzt 65.28
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: +2+4℃
  Jańalyqtar  >

Қорғаныс министрлігі «Өміріңді сақта» бағдарламасын таныстырды

2022 жылғы 19 қыркүйек, 21:11

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық әскери-патриоттық орталығында БАҚ өкілдеріне әскери қызметшілердің жарақаттануы мен қаза (қайтыс) болуын азайту үшін іске асырылатын «Өміріңді сақта» бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев, Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Төлеужан Жүнісов, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Қайрат Үмбетов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне әскери қызметшілер арасында орын алатын оқиғалардың негізгі себептері мен бағдарламаны іске асырудың едәуір тиімді жолдарын түсіндірді.

«Бағдарламаның мазмұны тәжірибеде қолдануға барынша ыңғайлы. Ақпараттық-имидждік блоктан бастап, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери инфрақұрылым объектілерін жетілдіру жөніндегі жұмыстардан заң шығару қызметіне дейінгі алдын алу бағыттарының барлық кешенін қамтыдық. Қазіргі әскер – ашық әлеуметтік институт. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанамыз», – деп атап өтті генерал-майор Серік Борамбаев.

Сонымен қатар тәрбие құрылымының басшысы құқықтық және әскери тәртіпті сақтау, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау, Қарулы күштердің қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде сарбаздар аналар комитетімен өзара қарым-қатынасты жетілдіру бағытындағы жұмыстың жаңа тәсілдерін енгізу туралы айтып берді. Әскерлерде қазіргі заманғы байланыс құралдарын пайдалана отырып, мерзімді қызметтегі сарбаздардың туыстары және жақындарымен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейту шаралары да қабылданып жатыр.

«Біз «Өміріңді сақта» бағдарламасы бойынша жұмыстың бес негізгі бағытын айқындадық. Мерзімді қызметкерлер арасында проблемалық мәселелерді шешу, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен жұмыс жүргізілуде», – деді полковник Төлеужан Жүнісов.

Президенттің әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде биылғы маусым айында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Өміріңді сақта» бағдарламасына бастамашы болды. Ол әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға бағытталып отыр. Бағдарламада алдын алу шараларының кешені және қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға жағдай жасау көзделген.

Одан өзге ведомствоаралық жұмыс тобы бағдарламаны әзірлеуге де атсалысты. Оның құрамына депутаттық корпустың, Денсаулық сақтау, Жоғары білім және ғылым, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, сондай-ақ күштік ведомстволардың өкілдері кірді.

«Қазіргі уақытта біз сарбаздар аналарының комитетімен және олардың өңірлердегі өкілдерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді полковник Қайрат Үмбетов.

Аталған құжат Қорғаныс, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығымен бекітілді. 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасы үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Оның нәтижелері 2026 жылғы қаңтарда Қорғаныс министрлігінің бірлескен алқа отырысында шығарылады.


Фото : gov.kz

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары