Қорғаныс министрлігі қызды құтқарам деп мерт болған сержанттың отбасына көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі суға кеткен қызды құтқарам деп өзі мерт болған әскери қызметкер Ерлан Райымқұловтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қарулы Күштердің әскери қызметшісі өз өмірін қия отырып, суға батып бара жатқан қызды құтқарды. Қорғаныс министрлігі ерлікпен көз жұмған азаматтың 47762 әскери бөлімінің кіші сержанты Ерлан Райымқұлов екенін растайды» делінген хабарламада.

Ерланның артында әйелі мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Қаза болған әскери қызметшінің әріптестерінің айтуынша, ол өз қызметін жақсы көрді және өз ісінің нағыз маманы болды.

«Ол үнемі жоғары жауапкершілік, тәртіп, әскери қызметке деген адалдығымен ерекшеленетін. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық пәндері бойынша үздік нәтиже көрсетіп, өзіне сеніп тапсырылған әскери техниканы үлгілі ұстайтын. Достары мен жақындары оны қайырымды және өзгелердің проблемаларына бей-жай қарамайтын адам ретінде еске алады. Ол қамқор әке, керемет отағасы болды. Әкесінің батыл ерлігін мақтан тұта алатын екі ұлды өсірді» деп мәлім етті Қорғаныс министрлігінен.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы және ҚР Қарулы Күштерінің барша жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің туысқандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

«Ерланның ерлігі - әрбір қазақстандық үшін үлгі. Өйткені, жанқиярлық пен батылдықты қызметтік міндетті орындау кезінде ғана емес, сонымен бірге, кез келген өмірлік жағдайларда танытуға болады» дейді министрліктен.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 10 мамыр күні сағат 12-10-да Есіл өзенінің «Газмашаппаратура» саяжай аумағында болған. Итінің соңынан суға секіріп, батып кете жаздаған 2007 жылы дүниеге келген қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өзен сағасында балық аулап отырған жігіттің арқасында қыз аман қалды. Өкінішке қарай, қызды құтқарған 1981 жылы дүниеге келген азамат ағысқа төтеп бере алмай, суға батып кетті.

Соңғы жаңалықтар