Қорғаныс министрлігі Қазақстан армиясының имиджін қалай арттырып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан армиясының имиджін арттыру бағытында қандай жұмыстарды жүргізуде? Бұл сұраққа Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың мәжілісмен Нұрлан Дулатбековтың депутаттық сауалына жолдаған жауабында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-патриоттық тәрбиелеуге, әскери қызметті танымал ету және оның мәртебесін арттыруға бағытталған қызметі Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында, республикалық және өңірлік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде (Facebook, ВКонтакте, Instagram, Twitter) және теледидарда жарияланады. Әскери-патриоттық бағыттағы деректі фильмдерді, бейнероликтерді, бейнесюжеттерді түсіру жүргізіледі. Сонымен қатар, осы бағытта «Ақсауыт» («Qazaqstan» арнасынан), «Әскер.кз» («Хабар 24») арнайы бағдарламалары жұмыс істейді. Оларды ақпараттық сүйемелдеу іс жүзінде бар бағдарламалар мен жаңалықтар телеарналары шеңберінде жүргізіледі», - делінген министрдің жауабында.

Сәкен Жасұзақовтың жауабына сәйкес, Қарулы Күштер өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге қатысты өткізетін іс-шаралар апта сайын Қорғаныс министрлігінің «YouTube» ресми арнасында және апталық «Сарбаз» газеті мен ай сайынғы «Айбын» журналының беттерінде жарияланады.

Министр сондай-ақ жауапты ведомство ҚР ҚМ әскери оқу орындарындағы оқу бағдарламаларында әскери тарихты, орта ғасыр дәуіріндегі Қазақстан көшпенділерінің және Еуразия елдерінің жаңа уақыттағы әскери өнерінің тарихын зерделеу көзделгенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері Астана қаласының оқушыларымен және студенттерімен әскери-тарихи тақырыпта жүйелі түрде профессор, археолог З.С. Самашевтың «Қола және темір дәуіріндегі әскери нышандар», профессор А.Қ. Көшкімбаевтың «Алтын Орда кезеңіндегі әскери өнер», әскери этнограф, әскери суретші Қ.С. Ахметжановтың «Қазақ қару-жарағының этнографиясы», «Қазақ хандары мен батырларының соғыс тактикасы» ғылыми дәрістерін, сондай-ақ басқа да көрнекті ғылым және қоғам қайраткерлерінің дәрістерін өткізеді», - деп жауап берген Сәкен Жасұзақов.

Еске сала кетсек, Парламент Мәжілісінің 2 мамырда өткен отырысында депутат Нұрлан Дулатбеков ғалымдар мен студенттерге арнап, қазақ тарихындағы Бас қолбасшылардың есімімен атаулы гранттарды тағайындауды сұраған болатын. Депутат сондай-ақ, Қазақстан армиясының имиджін арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұраған айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар