Қорғаныс министрлігі әскерилер арасында ақша жинау туралы: Шағым түскен жоқ

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрілігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бөлім бастығы Бауыржан Арынов әскерилер арасындағы ақша жинау проблемасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әскери бөлімдерде тіркелген ақша жинау ақпараты туралы пікір білдіріңізші. Ондай хабарлар түрлі бөлімдерден түсіп жатыр. Комиссия келген сайын офицерлерден ақша жинайтын көрінеді. Сіздерге осныдай шағымдар түсе ме?», - деп сұрады журналист орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Бауыржан Арыновтың дерегі бойынша, әскери бөлімдерге комиссия шығар кезде, комиссия мүшелерімен арнайы кездесулер өткізіліп, нұсқау жұмыстары жүргізіледі.

«ҚР Қылмыстық кодексінің баптарында әскери бөлімдерді тексеретін офицер немесе әскери қызметші заң бұзбауы керектігі айтылғанын еске саламын. Қорғаныс министрлігіне мұндай мәндегі шағымдар түскен жоқ. Ондайға жол бермеу үшін бірқатар алдын алу шаралары жүргізіледі. Тіпті психолог та жұмыс істейді. Әскери қызметшілердің арасында жауынгерлік қызметтің бүкіл мәселесін қамтитын сауалнама жүргіземіз. Егер қандай да бір проблемалы мәселе анықталса, әскери бөлімнің басшылығы келешекте түйткілдің қайталанбауына бар күшін салады», - деді бөлім бастығы.

Оның мәліметі бойынша, биыл Қарулы күштерде 7 суицид әрекеті тіркеліп, төртеуі қайғылы аяқталған.


Соңғы жаңалықтар