Қорғаныс министрі ресми сапармен Өзбекстанда жүр

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Жұмыс сапары барысында Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Өзбекстанның қорғаныс ведомство басшысы Баходир Құрбанов кездесті. Келіссөз кезінде тараптар әскери ынтымақтастықтың болашақ бағыттарын талқылады және «Қалқан-2019» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуының белсенді фазасы өткен «Шыршық» полигонына барды. Бұл жөнінде министрліктің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Өзбекстан Республикасы – өңірдегі, оның ішінде, қорғаныс саласындағы Қазақстанның негізгі серіктесі. Жауынгерлік даярлық, кадр даярлау, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға қатысу сияқты елдеріміздің Қарулы Күштері арасындағы ынтымақтастық қос тараптың да мүддесіне сай келеді» - деді ҚР Қорғаныс министрі әріптесімен кездесу барысында.

Қорғаныс ведомстволарының басшылары Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарды еске алуға арналған «Азалы ана» монументіне гүл шоғын қойды.

Сапардың жалғасы ретінде министрлер «Шыршық» полигонына келді. Онда «Қалқан – 2019» бірлескен тактикалық арнайы оқу-жаттығуының белсенді фазасы басталды. Олардың негізгі мақсаты - бірлескен терроризмге қарсы операцияларға дайындалу мен оны өткізуде тәжірибе алмасу, сондай-ақ екіжақты әскери ынтымақтастықты дамыту және жауынгерлік бауырластықты нығайту.

Сценарий бойынша әскери қызметшілердің басты міндеті заңсыз қарулы құралымды анықтау және жою бойынша бірлескен операцияны сәтті жүргізу болды.

Шартты қарсыласты жою үшін авиация бөлімшелерге әуеден қолдау көрсетті.

Қазақстанның Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен Өзбекстан қорғаныс ведомствосының басшысы Баходир Құрбанов екі ел әскери қызметшілерінің кәсіпқойлығы мен бөлімшелер іс-қимылының үйлесімділігіне жоғары баға берді.

Айта кетейік, биылғы сәуір айында екі ел арасында әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ Қазақстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің әскери аэродромдарында әскери әуе кемелерін қабылдауды, аэродромдық-техникалық қамтамасыз етуді және күзетуді ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылғанын айта кеткен жөн.


Соңғы жаңалықтар