Қорғаныс министрі мерзімді әскери қызметтегі сарбаздармен кездесті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қорғаныс ведомствосының басшысы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Семей мен Жаңғызтөбе әскерлерінің тыныс-тіршілігіне қатысты негізгі мәселелерді қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Семей гарнизонында генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев механикаландырылған және артиллерия бригадаларының оқу-материалдық базасымен танысты.

Қорғаныс министріне жауынгерлік басқару сыныптарын, артиллерия атысын басқару және атыс тренажерларын, сонымен қатар бөлімдер аумағындағы жабдықталған атыс тирін көрсетті. Командирлердің баяндамасына сәйкес оларды қолдану жауынгерлік даярлық сабақтарының қарқыны мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Жақында бөлім аумағында жабдықталған атыс қаруына арналған полигондағы ашық тирде сабақтар тексерілді.

Соңғы уақытта барлық өңірлік қолбасшылықтарда және қарулы күштер түрлерінде өнертапқыштық жұмыстар белсенді дамуда. Семей гарнизоны әскери қызметшілері жасаған көптеген әзірлемелерімен танысқан министр лауазымды тұлғалардың оқу-материалдық базаны жетілдіру жөніндегі бастамасын атап өтті. Нұрлан Ермекбаев барлық әскери бөлімдерде осындай жұмысты ұйымдастыру қажеттігін айтып, Қарулы Күштерде үздік өнертапқыштар конкурсын ұйымдастыруды тапсырды.

Сапар барысында оқ-дәрілерді сақтау қоймаларының диверсияға және өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы тексерілді. Қорғаныс ведомствосының басшысы қоймалар мен сақтау базалары жанындағы тыйым салынған аудандардың шекараларын нақтылау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұдан өзге, министр әскери нысандарға жақын орналасқан шаруашылық субъектілерімен жұмыс жүргізуге тиісті жергілікті атқарушы органдармен өзара тығыз іс-қимыл ұйымдастыруды ескертті.

Қарулы Күштерде азаматтық инфрақұрылым мен тұрғындар үшін әскери объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2020 жылы заңға қажетті өзгерістер әзірленіп, енгізілген. Тыйым салынған аймақтар мен аудандарды нақтылауды есептеу әдістемесі қабылданды.

Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тыйым салынған аймақтарды апатты жағдайдан және заңсыз құрылыстардан босату жұмыстары жүргізілуде.

Осы орайда «Жол картасы» бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Оқ-дәрілердің жекелеген түрлері елді мекендерден алыс қоймаларға көшіріліп, сақтау объектілерін жабдықтау мен жөндеу жүргізілуде.

Бұдан өзге, алғаш рет қорғаныс ведомствосы әскери техникаларға кешенді түгендеу жүргізіп, оның жағдайына баға берді. Пайдалану мерзімі өткен және пайдаланылмайтын әскери мүлік әрі қарай жою немесе кәдеге жарату үшін уәкілетті органның ведомстволық (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің) ұйымдарына беріледі.

Механикаландырылған бригаданың жауынгерлік даярлық барысы дербес тексерілді. Қазіргі уақытта мамандық бойынша оқу жүргізілуде. Оның аясында барлық әскери қызметшілер өздеріне бекітілген техника мен қару-жарақты, атқаратын лауазымы бойынша міндеттерді орындау кезіндегі іс-қимыл тәртібін зерделейді. Министр сабақтардың сапасына және жауынгерлік оқу-жаттығу нәтижелерінің нақты бағалануына назар аударды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы сондай-ақ, Шығыс-Қазақстан облысындағы жергілікті басқару органдарының әскерге шақыру науқанын ұйымдастыруымен танысты.

Әскери бөлімдерді аралау барысында Қорғаныс министрі 2021 жылдың көктемінде мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілерімен әңгімелесті. Жас жауынгерлер әскери қызметтен алған алғашқы әсерлерімен бөлісті. Әсіресе, жауынгерлік оқу-жаттығу, әскери өмірдің қағидалары, тамақтану сапасы, бос уақыт пен демалысты ұйымдастыру туралы айтты. Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев сарбаздарды қызықтырған сұрақтарға, оның ішінде келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыру мен әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері жөнінде анағұрлым көп көтерілген тақырыптарға жауап берді.


Соңғы жаңалықтар