Қорғаныс министрі Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлының бұзақылық әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз сот шешіміне жауапты емеспіз. Қылмыстық іс қозғалып, жіберілді. Енді сот үкімі жарияланады. Жауапкершіліктен ешкім жалтармайды. Мен қылмыстық іс бойынша түсініктеме бере алмаймын, қылмыстық қудалау органдары бар. Сондықтан сот шешім жасайды», - деді Руслан Жақсылықов Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, күдікке ілінген сарбаз жауапкершіліктен жалтармайды.

«Кез келген сарбаз мен үшін бірдей. Егер заң мен тәртіпті бұзса, онда жауапқа тартылады. Ешкім де жасырынып жүрген жоқ. Еліміздің заңы бар және тиісті шешім заңнамаға сәйкес жасалады», - деді Қорғаныс министрі.

Еске салсақ, Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Чернов соққыға жығылған еді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді.

Биыл сәуірде Бас әскери прокуратура Дәулет Тұрлыхановтың ұлының ісіне қатысты түсінік берді.


Соңғы жаңалықтар