Қорғаныс министрі балаларды патриоттыққа баулу жөнінде меморандум жасасты
«Жас сарбаз» республикалық қозғалысының қазіргі таңда ел бойынша 202 мың мүшесі бар. Тек СҚО-да ғана қоғамдық бірлестіктің әскери-патриоттық 315 клубы жұмыс істейді. Ол 5 мың баланы қамтыған.
«Әскери-патриоттық клубтардың басты міндеті – балалардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу. Солардың бірі - «Жас сарбаз» қозғалысы Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған еді. Қоғамдық бірлестіктің ашылғанына көп бола қоймаса да қазіргі уақытта оның 6 мыңнан астам ұйымы бар. Оған 200 мыңнан астам оқушы қатысады», - деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
Қорғаныс министрлігі, СҚО әкімдігі және «Жас сарбаз» республикалық қозғалысы арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-әрекет бойынша үшжақты келісім әскери-патриоттық тәрбие беру бағытына жаңа серпіліс бермек. Бұған дейін Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен қоғамдық бірлестіктің жанынан Smart-sarbaz үйірмелері ашылған болатын.
«СҚО-дағы Smart-sarbaz үйірмесінің жұмыс сапасы және оған қатысатын оқушылардың саны бойынша республикада алда келеді. Олардың жұмысы технологиялық бағытты ұстанған. Бұл өңірде, менің білуімше осындай 52 үйірме жұмыс істейді. Облыс әкімдігіне, тиісті мекемелерге алғысымды білдіремін», - деді кездесуде Нұрлан Ермекбаев.