Қорғаныс министрі әскери спортшылар – бокстан әлем чемпиондарын марапаттады

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қорғаныс министрлігінің алқа отырысында Өзбекстанда өткен бокстан әлем біріншілігінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, әлем чемпионатында алтын медаль алған Асланбек Шымбергенов пен Махмұд Сабырхан Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық спорт клубының мүшелері.

«Тартысты жекпе-жекте жауынгерлік жігер мен нағыз батылдық көрсеттіңдер. Сендердің бұл жеңістерің – елімізді халықаралық аренада дәріптеуге қосқан үлестерің», – деді Қорғаныс ведомствосының басшысы Руслан Жақсылықов.

Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов - «Ел қорғаны» медалімен, Махмұд Сабырхан «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бұдан бөлек, 2021 жылғы әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ташкенттегі 2023 жылғы әлем чемпионатына қатысқан кіші сержант Сәкен Бибосынов та министрдің қолынан естелік сыйлық алды.


Бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов және бокстан әлем чемпионы, ҚР ҚМ Спорт комитеті – Орталық спорт клубы штаттық командаларын даярлау орталығының бас жаттықтырушысы капитан Біржан Жақыпов бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан XXII әлем чемпионатына әлемнің 104 елінен 13 салмақ дәрежесінде 640 боксшы қатысқан болатын.

Бокстан биылғы әлем чемпиондары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған болатын.


Соңғы жаңалықтар