Қорғаныс министрі Арыстағы жарылыс турасында: Барлық нұсқа тексерілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы жарылыстың себептерін тергеу шаралары қашан аяқталатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің пайымдауымызша, тергеу амалдары шамамен бір айдың ішінде аяқталуы мүмкін», - деді министр Парламент Сенатында тілшілер сауалына жауап бере отырып.

«Кеше жарылыс себептеріне қатысты Бас әскери прокурордың орынбасары түсінік берді. Атап айтқанда, қызметтік салғырттық болуы мүмкін. Бұдан бөлек, тез жанатын заттардың өртенуі, электр желісінің тұйықталуы себептері де қарастырылуда», - деді Н. Ермекбаев.

Сонымен қатар министр қасақана өрт қою әрекеті де тексерілетінін атап өтті.

«Осы орайда бұл нұсқалардың ешқайсысын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің құрамында құрылған тергеу тобы ҚР Бас әскери прокуратурасының бақылауымен жүргізілетін тергеу өз нәтижесін береді деген ойдамын. Бұл тұрғыда кінәлі адамдар тиісті жазаға тартылады», - деді Қорғаныс министрі.

Айта кетейік, 3 шілде күні Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас әскери прокуратурасының өкілдері Арыстағы жарылыстың ықтимал себептерін атады.

Соңғы жаңалықтар