Қорғаныс министрі Арыста зардап шеккен саперлердің жағдайы туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 21 қыркүйекте оқ-дәрі фрагментінің өздігінен жарылуы оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«Әскери бөлімнің ішінде жеке құрамның қауіпсіздігіне байланысты қажетті шаралар қабылдануда. Өкінішке қарай, түрлі себептермен детонация немесе жарылыс секілді оқиғалар орын алады. Оның нақты себебін тергеу амалдары анықтап жатыр», - деді министр Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол зардап шеккен әскерилерге барлық қажетті көмек жасалып жатқанын жеткізді.

«21-і күні зардап шеккен әскерилер шұғыл түрде госпитальге жеткізіліп, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Біреуінің алған жарақатына қарай жағдайы орташа деңгейде және алтауының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Жақын арада олар қатарға қосылады деп үміттенеміз»,- деді Н. Ермекбаев.

Сонымен қатар ол қызметтік жұмысын орындау кезінде жарақат алғандарға материалдық өтемақы қарастырылғанын еске салды.

«Денсаулықтары түзелгеннен кейін әскерилердің жағдайына қатысты медицина қызметкерлері бағалау жүргізеді. Егер де олар қызметке жарамды деп танылса, қатарға қосылады», - деді ведомство басшысы.

Оның пайымынша, тұрғындарға алаңдаудың реті жоқ.

Сонымен қатар министр кейбір сарапшылар оқ-дәрі фрагменттерін әскери бөлімнің аумағында жоюды ұсынғанын атап өтті.

«Мысалы, арнайы техниканың көмегімен жүргізу ұсынылды. Бұл тұрғыда не болуы мүмкін? Осы орайда аса қуатты емес 1,2,3 жарылыс орын алуы мүмкін, бірақ та бұл көрініс жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырады. Себебі үйлер жақын орналасқан. Оның үстіне оқ-дәрі сынықтары жан-жаққа ұшуы ықтимал. Сондықтан жергілік тұрғындардың мүддесін ескере отырып, оқ-дәріні 60 шақырымнан кем емес қашықтықта орналасқан арнайы полигонға шығарып, сол жерде жою туралы шешім шығарылды. Алайда ең қауіптісі – ол шығару мен тасымалдауға қатысты. Осындай жұмыстар барысында түрлі жағдайлар орын алады», - деді Нұрлан Ермекбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 қыркүйек күні арнайы жасақталған полигон (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) аумағындағы жоспарлы жарылыс жасау жұмыстары барысында оқ-дәрі фрагменті өздігінен жарылды.

Соның салдарынан арнайы дайындықтан өткен 10 сапер - келісімшарт әскери қызметшісі жарқыншақ тиіп жарақат алды.



Соңғы жаңалықтар