+7 (701) 759 90 19
USD 427.93 EUR 506.71
RUB 5.55 CNY 64.29
Jańalyqtar

Қорғалжын қорығында қоқиқаздар азайып барады

2014 жылғы 27 шілде 03:03
Бөлісіңіз:
Қорғалжын қорығында қоқиқаздар азайып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ даласында сирек кездесетін қоқиқаздар Қорғалжын қорығында азайып барады, деп жазады 24.kz.

Алаңдауға басты себеп - Қазақстан қоқиқаздардың солтүстіктегі мекендейтін ең соңғы нүктесі. Бұл құс Иран, Үнді және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырады. Орталық Азияның кейбір елдерінде болып жатқан әскери соғыс қимылдары құстардың аспандағы миграциялық жолын бұзып жатқанға ұқсайды. Бұрын қоқиқаздар 100-150 мыңдап ұшып келетін. Ал соңғы кездері 20-50 мыңнан аспайды. Қорғалжын қорығы - ЮНЕСКО-ның мұралар тізімінде. Қорық болып құрылғанына да жарты ғасырға жуық уақыт өткен. Қазір 540 мың гектардан астам жері бар. Жер көлемі жағынан әлемдегі ең алып қорықтардың бірі де бірегейі болып саналады. Бұл аптада қазақ жеріне табан тіреген ЮНЕСКО ұйымына мүше 7 елдің делегаттары Қорғалжынға да атбасын бұрды. Жабайы табиғаттың көзтартар көрінісіне шетелдік меймандар тәнті.

«Қорғалжын қорығы 2008 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алынған. Біздің ұйымның жұмысы қоршаған ортаны қорғау үшін барлық жағдай жасалған Қорғалжын қорығы секілді жерлермен ерекшеленеді. Біздің білуімізше, Қазақстан билігінің белсенді саясатының арқасында бұл қорық басқа елдердегі ұлттық қорықтардың қасында көш ілгері тұрмаса, қалыс қалып тұрған жоқ», - дейді Нидерландыдағы ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының бас хатшысы Роберт Карлес ван Уффорд.

Қоқиқаз қазір қорықтың басты бренді саналады. Олардың қорегі - артемия салина деп аталатын құрт. Артемия құрты тұзды көлде болады. Ал Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан 5-6 есе артық. Жылда мамыр айында осында келіп балапандайтын қоқиқаздар салқын түсе жылы жаққа кетеді. Біз білетін қоқиқаздар өте сақ келеді. Қасына бармақ түгілі маңына да жақындау мүмкін емес. Қорғалжын қорығының беткеұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келушілер жақын баруға тырысады. Әлемде қоныс аударатын құстардың 8 жолы бар. Олардың үшеуі осы қорықтағы Теңіз көлін басып өтеді. Жерорта теңізі арқылы ұшатын жол шығыс-батыс Африка және Орта Азияда Үндістан, Пәкістан, Иран арқылы өтеді. Сол себепті бір Қорғалжынның 70-ке жуық көлінде миллиондаған құстар мекендейді. Бірақ қорықтың басты беткеұстары - қоқиқаздар.

«Теңіз көлі қоқиқаздың ұя басатын солтүстіктегі ең соңғы нүктесі болып табылады. Сол бір ерекшелік бар. Дүниежүзі бойынша бұл құстардың саны аз. Жоғалуға шақ тұрған құстардың Қорғалжын қорығында мекен ететіндігі біз үшін ерекше жауапкершілік үстейді», - деді ҚМТҚ Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Берік Рысбаев.

Қорғалжын қорығының аумағы ерекше қорғалған. Бұл жерде браконьерлерге жол жоқ. Көлдердегі балық та беталды аулана бермейді. Білместіктен аумаққа кіріп кеткендер болмаса, осы аралықта заңсыз аң-құс атқан адам баласы болмаған. Қорық территориясында қазір киіктің саны 10 мыңға дейін жетті.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Алексей Кошкиннің айтуынша, аспандағы құс пен жерде жүрген қоян, киіктерге «ет» деп қарамауымыз керек. «Ондай гастрономиялық қызығушылықтағы көзқарастың қажеті жоқ. Ойлап қараңызшы, ұшып бара жатқан құсты сыртынан бақылау, көз алмай қарау керемет дүние емес пе? Сол сияқты киіктер де әдемі көрініс беретін табиғаттың бір бөлшегі. Кезінде ақбөкендердің саны күрт азайып кеткенде жапан дала қусырап, бос қалған еді. Кеудең еріксіз езілетін. Қазір олардың саны артты. Кәдімгідей жаның рахат табады. Бүгінде 200 мыңдай киік дала кезіп жүр», - дейді ол.

Қазір қорықтың аумағында Зоология институтының ғалымдары жұмыс істеп жатыр. Олар биыл соңғы 3 жылда атқарған зерттеулерін аяқтайды. Бірі көлдердің суынан сынамалар алса, енді бірі жердегі құрт-құмырсқа, жәндіктерді зерттеп жүр. Кейін жиған деректерін еліміздің жан-жануарлар әлемін зерттейтін ғылыми мекеменің зертханасына тапсырады.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT