Қорғалжын қорығында киік саны үш есеге көбейді

None
None
ҚОРҒАЛЖЫН. ҚазАқпарат – Биыл Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында киік саны үш есеге артты. Бұл туралы қорық директорының орынбасары Жанат Жұртбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрықтың құрылғанына 50 жылдан асты. Жалпы аумағы 700 мың гектарды құрайды. Мұнда балықтың 15 түрі, құстың 357, өсімдіктің 443, жәндіктердің 700 және жан-жануарлардың 45 түрі мекендейді. Оның ішінде негізгі мекендейтін киік, қабан, қасқыр мен түлкі. Қорықты мекендейтін жан-жануарлар мен құстардың барлығы бірдей қорғауда, соның ішінде киіктің орны бөлек. Биыл киіктің өсімі жақсы, өйткені төлдеуі сәтті болды, әр ешкі 2 лақтан төлдеді. Нақты айтсақ, 2018-2019 жылдары біздің қорықта 15-18 мың киік болса, биыл олардың саны 45 мыңға дейін жетті, яғни үш есеге дейін артып отыр», -деді Ж. Жұртбаев.


Оның айтуынша, қорық аумағында соңғы екі жылда киік атуға қатысты браконьерлік оқиға тіркелмеген.

«Бұл адамдардың түсінігінің өзгеруі және заңды күшейтумен байланысты деп ойлаймыз. 2019 жылы жалпы саны 33 құқықбұзушылық оқиғасы тіркелді. Оның өзінде жан-жануарларды ату емес, қорық аумағына заңсыз кіру және тағы басқа секілді. Ал биылдыққа ешқандай заңбұзушылық әрекет тіркелген жоқ», - деді ол.


Сондай-ақ, қорық басшысының орынбасары маман жетіспеушілігі мәселесін сөз етті.

«Бүгінде инспекторлар мен қорықшыларға қойылатын талаптар күшейіп, оларға жағдай жасау жақсара түсті. Бұрын қорықшылыққа кез келген адамды алатын болса, қазір тек мамандыққа сай болуы тиіс деген талап қойылды. Дегенмен бізде маман жетіспеушілік мәселесі бар. Штатта 45 адам, ал қарайтын аумағымыз 700 мың гектар, әрине, бұл аздық етеді. Сонымен қатар елорда жақын болғандықтан қорыққа туристер жиі келеді. Осы бағытта бізде эко-ағарту деген бөлім бар. Ондағы 6 маман туристік ұйымдармен тікелей жұмыс істейді. Былтырғы есеп бойынша 8 мың турист келді, ал биыл корнавирус індетіне байланысты туризмді тоқтатуымызға тура келді», - дейді Ж. Жұртбаев.


Айта кетсек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығындағы киіктерді қорғау жұмыстарымен таныстыру мақсатында БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.

Жалпы министрлік берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері браконьерлерден 256 тұтастай киік еті мен 1245 мүйізі, 5 қарақұйрық еті және 2 ителгі тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар