Қорғалжын іргесінде ортағасырлық қала болған - археолог

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ даласындағы ортағасырлық өркениеттің көзі деп есептелетін Бытағай қалашығынан археологтар бірнеше құнды жәдігер тауыпты. Археологтар табылған жәдігерлерге сүйеніп, орта ғасырларда Сарыарқа төсінде де қала мәдениеті жақсы дамыған деген пайым айтып отыр. Зерттеудің басы-қасында болып, жәдігерлерді тапқан археолог Серғазы Сәкенов ҚазАқпарат тілшісіне қазба жұмыстарының алғашқы нәтижесі туралы мәлімет берді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Серғазы Сәкенов бұл маң зерттеушілерге талайдан бері белгілі болғанын айтады.

«Біз Ботағай ортағасырлық қалашығын зерттеген болатынбыз. Кезінде Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде осы нысан туралы жазған. Ресейлік дереккөзде де біраз мәлімет бар. Қалашық Қорғалжын ауылының жанында жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі осы ортағасырлық қаланы зерттеуге грант бөлген. Өзіміз тапқан деректерге сүйенсек, қалашық негізінен өндірістік кварталдардан құралған. Керуен сарай түріндегі округтер болғанға ұқсайды. Соның ішінде бір өндірістік кварталды толыққанды зерттеп шықтық. Оның аумағында кірпіш күйдіретін орын мен оны жылтыратуға арналған зертас кешені табылды. Ғимараттың ішінде баспалдақ та бар. Кірпіштердің көбі жақсы сақталған. Едені мен қабырғасы да сол күйі. Оның бәрі күйдірілген кірпіштен төселіп, қаланған», - дейді археолог.

Сондай-ақ, ол ортағасырлық қалада кезінде, қазіргі тілмен айтсақ, декоративті кірпіш өндірісінің толық тізбегі болғанын айтып отыр.

«Ең қызығы – қалашықты зерттей келіп, біз мұнда шикізат дайындаудан дайын өнім алуға дейінгі кезеңнің бәрін қамтитын толық өндірістік тізбек болғанын анықтадық. Шикізатты үгітіп ұнтаққа айналдыратын қол диірмен табылды. Кейін сол ұнтақты езіп, күйдірілген кірпіштің сыртын зертаспен әрлесе керек. Зертаспен тысталған кірпішті екінші қайтара күйдіретін арнайы пештер болған екен. Осының бәріне қарап, мұнда толық өндірістік тізбек болған деуге болады. Қалыбы әр түрлі өрнектелген қыш кірпіштердің табылғаны өте маңызды дер едім. Кейбір қыш кірпіштер зертаспен әдіптелген. Зертастың мұндай түрі археологияда «Әмір Темір зертасы» ретінде белгілі», - дейді Серғазы Сәкенов. Мұндай технология Самарқан мен Бұқара қалаларында кеңінен қолданылған көрінеді.

«Осындай өндіріс орталығы Сарыарқаның төрінен табылып отыр. Яғни 14-15 ғасырларда бұл қаланың өндірістік, саяси рөлі зор болса керек. Археологиялық зерттеулердің арқасында ежелгі деректерде аты аталатын ортағасырлық қаланың шын өмірде болғанын сеніммен айта аламыз. Енді осы зерттеулердің ауқымын кеңейтсек деп отырмыз», - дейді маман.

Археологтар қалашық орнынан ішіне қоймалжың сұйықтық құйылған ыдыс тауып алыпты. Айтуларынша, бұған дейін Орталық Азия аумағынан мұндай жәдігер табылмаған.

«Ең қызықты археологияқ табыс деуге болатын шығар, қаладағы тұрақ пен өндірістік кварталдың арасынан ыдыс табылды. Аузы тығындалыпты, ішінен сұйықтық шықты. Сұйықтығы бар ыдыстың табылуы біз үшін үлкен жаңалық. Өйткені Самарқанда да, Бұқарада да, Түркістанда да ыдыстар табылғанымен, ішінде сұйықтық болмаған еді. Енді осы сұйықтыққа химиялық зерттеу жүргізу керек. Қалашықты 14-15 ғасырға жатқызып жүрміз ғой. Яғни сұйықтық 600-700 жыл бойы сақталған болуы мүмкін. Бірнеше айдың ішінде оның қандай зат екенін, неге пайдаланылғанын біле алатын шығармыз», - дейді ғалым.

Зерттеуші қалашық аумағынан табылған мәйіт сүйектерін де сараптамаға жібермекші.

«Қалашық аумағынан мәйіт табылды. Кезінде өндірістік кварталдың маңайына адамдар жерленген сияқты. Осы сүйек арқылы да қаланың нақты жасы туралы дерек алуға болады. Мәйіттің тістері мен сүйектерін сараптамаға жібереміз. Осыдан кейін мәйіт иесінің қай кезеңде өмір сүргенін айта аламыз. Сұйықтықтың талдаулары да нақты датаны атауға көмектесер еді. Сол арқылы орта ғасырларда Сарыарқа төсінде қала мәдениеті гүлденіп тұрған деп толық сеніммен айтатын боламыз», - дейді Серғазы Сәкенов.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері қалашық Жібек жолының тармағында пайда болуы мүмкін деген болжам айтты.

«Керуендер тоқтап, дамылдайтын сарай болған сияқты. Өйткені Бытығайдың айналасында керуен сарайлардың қалдығы көп кездеседі. Археологиялық деректер бұл жерде қала болғанын, оның жылдар бойы дамып отырғанын айғақтайды», - деді археолог.

Бір анығы – бұл қалашықта сауда-саттық пен қыш өндісі жақсы дамығанға ұқсайды. Ғалым аталмыш сұйықтық сараптамадан толық өтіп болғаннан кейін музейге қойылатынын айтады.

«Қала Жібек жолының бойында жатқан болса, ыдыстан табылған сұйықтық саудагерлер әкелген май шығар деп топшылап отырмыз. Бірақ бұл да тек топшылау ғана. Биохимиялық талдаудан кейін ғана нақтысын айтуға болады. Сынамаларын биохимиялық орталықтарға жіберіп жатырмыз. Талдау қорытындысы бұл қалашық арқылы қандай тауарлар ары-бері тасымалданғаны туралы нақты мәліметтің ұшығын шығаруы мүмкін. Биіктігі 40 сантиметр болатын ыдыстың тығыны мықтап жабылған екен. Ішіндегі сұйықтық толы күйінде сақталған десе де болады. Түсі қаралтым, өзі қою. Химиялық сараптамадан кейін оны музейге қоямыз. Бұл Қазақстандағы 600 жыл бойы сақталған алғашқы сұйықтық болар еді. Оның сирек экспонат болатыны сөзсіз», - деді Серғазы Сәкенов.


Соңғы жаңалықтар