Қорғалжын ауданының 90 жылдығы аталып өтілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Қорғалжын ауданы 90 жылдығын дүркіретіп атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары аралығында елімізде әкімшілік басқару құрылымына біраз өзгерістер енгізіліп, әр аймақта аудандар ашыла бастағандығы белгілі. 1928 жылы Ақмола өңірінде де бірнеше аудан құрылды. Солдардың бірі - Қорғалжын ауданы. Бүгінгі күні аудан өзінің теңдесіз табиғатымен  ерекшеленеді. Аудандағы көлдер балық, құстарға бай. Оның  ішінде осында ұя салатын қызыл қоқиқаз да бар.

Аудан орталығында ұйымдастырылған салтанатты шара жергілікті қолөнер шеберлерінің «шеберлер аулы» көрме жәрмеңкесімен басталды. Одан әрі жергілікті көркем өнерпаздар ұжымының орындаудағы мерекелік концертке ұласты. Жиналған жұртшылық алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Асқарбек Үйсімбаев сөз сөйлеп, мерейлі мерекемен құттықтады.

«Бұл өңірді қазақтың ежелгі қонысы, ежелден тарихы танымал, қасиетті мекен деп баршамыз мақтан тұтамыз», - деді Асқарбек Үйсімбаев.

Мереке аясында аудандық мәдениет үйінде өткізілген тарихи-танымдық «Қорғалжын» атты кітаптың тұсаукесері өткізілді. «Дәурен» стадионында Ақмола облысының іргелес аудандары мен Астана қаласынан, Қарағанды облысынан келген 12 команданың қатысуымен футболдан республикалық жарыста ұйымдастырылса, «Бытығай» этно ауылындағы атшабарда Ұлттық спорт ойындарынан, атап айтқанда, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қошқар көтеру, қол күрестіру, асық ойнау, қазақша күрестерден жарыстар өткізілді. Сондай-ақ, елімізге танымал спортшы, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО әуе-десант әскерінің үш дүркін абсолютті чемпионы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің тоғыз дүркін чемпионы, кезінде кикбоксингтен КСРО құрама командасының жатықтырушысы болған, бүгінде халықаралық «Жекпе-жек» федерациясының президенті, осы елдің тумасы Сабыржан Махметовтың ұйымдастыруымен өткен жекпе-жектен халықаралық жарыста тартысты болды.

Ал, Қорғалжын мемлекеттік қорығының 50 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция аудан мерейтойының мәнін аша түсті. 

Соңғы жаңалықтар