Кореяда заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары әкімшілік жазадан қалай құтыла алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргендер Қазақстанға еш кедергісіз орала алады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Корея Республикасының Үкіметі 2018 жылғы 1 қазаннан 2019 жылғы 31 наурызға дейін Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына «жасыл дәліз» режімін енгізгенін жариялады. Осы шара аясында қазіргі кезде аталған елдің аумағында отыз күннен көп жүрген, сондай-ақ визасы немесе жұмыс істеуге рұқсаты жоқ шетелдіктер 6 ай мерзім ішінде өз елдеріне еш кедергісіз оралуына болады. Бұл жағдайда оларға ешқандай айыппұл шаралары қолданылмайды және болашақта Оңтүстік Кореяға қайта баруына шектеу қойылмайды. Осы елдің аумағынан ерікті түрде шыққан Қазақстан азаматтарының ҚР-дағы Корея Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінен тиісті виза алғаннан кейін, Кореяға заңды түрде кедергісіз қайта кіруіне мүмкіндіктері бар», - деді Айбек Смадияров.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан азаматтары аталған мерзімде өз еркімен шығуы үшін Оңтүстік Кореяның халықаралық әуежайларындағы иммиграциялық қызмет өкілдіктеріне алдын ала қолдарында бар билеттерімен және Қазақстанның төлқұжатымен баруы қажет.

«2018 жылдың қазан айынан бастап Оңтүстік Кореяның көші-қон билік өкілдері полициямен бірлесіп, ел аумағында заңсыз жүрген шетелдік мигранттарды ұстау үшін қатаң рейдтерді бастады. Осы шаралар барысында ұсталғандарды елден өз еркімен кетушілер деп есептемей, керісінше оларға елдің заңын бұзушылар ретінде  тиісті әкімшілік шараларды қолданатын болады. Атап айтқанда, олар қамауға алынып, 20 млн корей вонасына дейін, яғни  6,5 млн теңге шамасында айыппұл салынады. Сонымен қатар елден шығарылып, Корея Республикасының аумағына 10 жылға дейін кіруге тыйым салынады. Осы ретте бұл елде заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарын «жасыл дәліз» шарасын пайдаланып, өз еркімен оралуға шақырамыз», - деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Оның айтуынша, өз еркімен шығу акциясы Кореяның иммигарациялық заңнамасын бұзушыларға әкімшілік жазадан құтылуға, сондай-ақ болашақта аталған елге түрлі мақсатпен заңды түрде қайта келуіне  мүмкіндік береді.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қаңтарынан бастап 31 тамызға дейін Кореяға 38 575 Қазақстан азаматы сапарлаған. Биылғы шілде кезінде 19 011 адам ресми тіркеуден өтсе, 11 561 адам заңсыз иммигрант ретінде танылды. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяға оқуға барып, депортацияға ұшыраған студенттерге қатысты пікір білдірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар