Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 379.29 EUR 426.40
RUB 5.93 CNY 56.58
Jańalyqtar

Кореяда табылған алтын сапты семсер ежелгі қазақ жерінде жасалған

2019 жылғы 11 қаңтар 11:21 5742
Бөлісіңіз:
Кореяда табылған алтын сапты семсер ежелгі қазақ жерінде жасалған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ғалымдар Кореядан табылған алтын сапты семсердің Отаны ежелгі қазақ жері екенін анықтап отыр. Ғылыми тұжырымдарға сәйкес, алтын сапты семсер Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ жерінен Кореяға жеткен. Бұл туралы Egemen Qazaqstan газетінде шыққан мақалада жарияланып отыр.

«Корея жерінде біздің дәуірімізге дейінгі 57-жылдары негізі қаланған Шилла деген мемлекет болған. Сол Шилланың көне астанасы - Кёнджу қаласы. Онда әйгілі «Тэрың уон» мәйіттер орны бар. Тура осы жерден табылған, кезінде Корея қоғамы үшін үлкен жаңалық болған алтын сапты семсердің жұмбағы нешеме жылдан кейін үлкен еңбектің арқасында шешілді және ол біздің Ұлы даламен тікелей байланысты болып шықты» деп жазады мақала авторы Дастан Ақаш.

Оның жазуынша, Кёнджу қаласында 1973 жылы жолдың астын қазып, су құбырларын салу жұмыстары ке¬зінде жұмысшылар бір қабірге тап болады. Одан алтын жалатылған заттар шығады.  Зерттеушілердің айтуынша, бұл жерден табылғандардың бәрі қарапайым адамның заттары емес. Сөйтіп олар үлкен билеуші немесе әлеуметтік мәр¬тебесі жоғары адамның заттары болғандығы анықталған.

Кейіннен ғалымдар табылған заттардың иесі кім болғанын зерттеуге кірісіп, одан ары заттардың отанын іздейді. Ал осы қабірден табылған заттарға байланысты Кёнхи университетінің тарихшы, археолог ғалымы Кан Ин Ук арнайы зерттеу жүргізеді. Оның айтуынша, бұл жердегі қабірлердің көбі соғыста қаза болған адамдардікі және солардың заттары. Арасында Еуразия құрлығында кездесе бермейтін ерекше заттар да бар. Солардың ішінде көзге ерекше түскен бір зат  болған.

«36 сантиметрлік алтын сапты семсердің бір бөлігі әлемнің басқа бір жерінен табылған. Бізде табылған семсердің сабында қызыл гауһар тастар орналастырылған. Бұл семсердің Шилланың алтын мәдениетімен байланысы бар деген тұжырым жасалып отыр. Бірақ семсердің мәдени бастауы басқа елдікі деген дәлелді де ғалымдар айта бастады. Оған дәлел табу керек болғаны тағы ақиқат. Американың «Denbo» оқу орнының Сара Нельсон деген ғалымы: «Бұл шиллалықтардың жасаған заты емес, бұл сол кезде шиллалықтар бірінші рет көрген ғажайып зат болған сияқты», деп үлкен бір ғылыми ой тастайды. Тарихшыларға оның айтқан осы бір сөзі қатты әсер етіп, қызу талқыға түскен» дейді автор.

 Кейіннен Шилла жерінде табылған мұндай зат Шығыс Еуропа әскерилерінде болған деген ғылыми негізді ойлар айтылды. Балқан маңындағы бұлғарлар осындай семсерді қолданды деген болжамдарды да ғалымдар ұсына бастайды. Корея ғалымдары оны да зерттеп көрген. Ол жақта сондай семсерді Готтар мен Ғұн тайпалары ұстағандығы туралы айтылады. Бірақ Корея ғалымдары одан да нақтырақ дәлелді үзбей іздей береді. Өйткені, бұл семсердің түп отаны қай ел деген сұрақ маза бермейді.

«Корея ғалымдарының асықпай, бірнеше жыл уақыт пен маңдай терін сарп етіп іздеген сұрақтары олар ойламаған басқа бір елден табылады. Қайдан дейсіз ғой? Корейлер өз елдеріндегі ғажайып семсердің тура сондай нұсқасы басқа елде болуы мүмкін деген зерттеулерін жалғастыра отырып, соңында Ресейдің Санкт- Петербург қаласында орналасқан әлемдегі ең бай тарихи мұражайдың бірі - «Эрмитажға» дейін ат терлетіп барып қайтады. Неше жыл іздеген дүниесін тура осы мұражайдан тапқан корейлер қазақ тарихының тым көне екеніне және бай екенін көз жеткізді. Шилла мемлекетіне тиесілі деп жүрген семсердің кімдікі екені тура осы Эрмитажда тұрған зат анықтап, тарихи жұмбақты шешеді. Корея ғалымдары осылайша таң қаларлық жаңалық ашады. Қазақстан жерінде табылған семсердің бір нұсқасы Корея жеріндегі семсердің нұсқасымен бірдей делінген дәлел ұсынылып, ғылыми жаңалық жасалады. Кенхи университетінің ғалымы Кан Ин Уктың айтуынша, ол заманда түрлі алтын технологиясы болған, бірақ мына семсердің өрнектері мен салынған гауһар тастары бір-бірінен аумайды. Және бұл Шилла қолөнершілерінің біреулерге еліктеп жасаған дүниесі емес. Мұндай құнды ғылыми зерттеудің біз үшін зор екені сөзсіз маңызды. Яғни, бұл ғалымның айтқанынан түйетініміз, біздің қолөнершілердің шеберлігі бір Орталық Азия көлемінде қалып қойған жоқ. Олардың қолынан шыққан заттар Қытай, Корея, Жапония елдеріне дейін жетті деген сөз. Корея ғалымы айтқан келесі бір ұтымды ой «алтын технологиясына» қатысты. Оның қазақ жерінде де ерекше дамығанын аңғартады. Демек, «алтын технологиясы» Шығыс елдерінің кейбірінде ғана болған деген көзқарас түбірінен қате деуге негіз бар».

Айта кетерлігі елдер арасындағы үлкен арақашықтықты америкалық «Denbo» оқу орнының ғалымы Сара Нельсон былай түсіндіріпті: «Бұл - ғажайып зат. Көне тарихи ұғыммен қарасақ, Ұлы Жібек жолы арқылы қазақ жерінен корей жеріне алтын сапты семсер жеткен дегенді білдіреді».

 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: БАҚ, Қазақстан тарихы,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
MURAǴAT