Кореяда өтіп жатқан қазақстандық көрмеге 30 мың адам келген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда қазақ өнерін тамашалаушыларға арналған саяхат ұйымдастырылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Арнайы автобус келушілерді Сеул мен Сувон қалаларында өтіп жатқан «Алтын адам» мен қазақстандық суретшілер көрмесіне алып барады.

Қазақстаннан «Алтын адам» көрмесі келді» деген хабар Сеулге тез тарап үлгерді. Ол туралы ақпаратты көшеден де, метро мен теледидардан да көруге болады. Қазақ зергерлерінің қолынан шыққан жауһарлар туралы хабар басқа да қалаларға жетті. Тамашалуға асыққандардың қатары көбейгендіктен, Корея музейінің қызметшілері арнайы саяхат ұйымдастыруға мәжбүр болды. 40 адамнан тұратын топтарды Сувоннан Сеулге дейін арт-автобустар жеткізеді.

Көрмеге келушілер ұлттық әшекейлерді тамашалап, Қазақстанның заманауи тарихы туралы дәрістерді де тыңдауға мүмкіндік алды. Қазақстан Кореядан жиырма жеті есе үлкен. Қазақстанның елордасы Алматыдан Астанаға көшірілді. Алматыны біздің ежелгі астанамыз Кёнджумен салыстыруға болады. Көрме кіреберісінде орналасқан бірінші жәдігер - алтыншы ғасырдағы алтын қанжар. Ол Кёнджу қаласындағы мазардан алынған. Ұқсас нақыштары бар қару Бурабайда табылғанын білеміз.

«Қорғандар мен басқа да табылған заттардың бір-біріне ұқсастығы екі ел мәдениетінің жақын болғанын көрсеткендей ой қалдырады. Келушілер де соған таңғалып жатыр. Қазақстанда табылған бұйымдарды зерттегенде, олардың құрамындағы мыстың үш пайызға тең екені расталды. Ал Кореяда табылған заттарда мыс небәрі бір пайызға пара пар. Бұл деректер өркениеттер қанша қашық болғанымен, олардың арасында байланыс болғандығын дәлелдесе керек», - дейді гид Пак Чом Бун.

Арт-автобустың екінші бекеті - Сувон өнер музейі. Онда өткен жылдың қараша айынан бастап Қазақстан суретшілерінің туындылары қойылған.

«Көрмені отыз мыңдай адам көріп үлгерді. Бұл Қазақстанға арналған алғашқы көрме болғандықтан, келушілердің қызығушылығында шек болмады. Мәдениет, ұлттық тағамдар жайында, тіпті тұрмыс туралы көп сұрақ қойып жатты. Біз тек көрме ұйымдастырумен шектелмей, кофе ішіп, қазақ мәдениетін білуге мүмкіндік беретін оқу бағдарламаларын өткіздік»,- Suwon I Park өнер музей көрмесінің тәлімгері Шин Ын Ен.

«Қазақстан суретшілері көрмесіне келушілер қазақтың ұлттық киімін киюге мүмкіндік алды. Ең әдемі шапан Қазақстанның ұлттық музейі атынан Сувон көрме басшысына сыйға тартылды, ал қалған киімдерді музей қызметкерлері сатып алды», - дейді тілші Владислав Цой.

Мәселен, Эмилия Бабадтың қолынан шыққан суреттен көрмеге келушілер қобыз туралы мәлемет алды. Ал Ольга Кужеленконың туындысы оларды қымызбен таныстырды.

«Қазақстан туралы естуім бар. Бірақ шынын айтқанда, ештеңе білмедім. Қазір көзім жеткендей болды, тарихы тереңде жатқан мемлекет екен. Тіпті бұл ел алтын өндіруді ежелден білетін болып шықты. Өндіру технологиясының жоғары деңгейде болғаны қатты таңғалдырды. Сәті түссе, міндетті түрде Қазақстанға барамын»,- дейді Сувон қаласының тұрғыны Чой Мун Чоль.

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Қазақстанның екі көрмесі де осы аптада жұмысын аяқтайды. Бірақ қос мемлекеттің мәдени ынтымағы жалғаса береді. Кореяға Қазақстанның бұдан да басқа музейлері келеді. Есесіне, қазақ даласында оңтүстіккореялық археологтар қазба жұмыстарын жүргізеді. Әрине бұл жұмыстардың дені ежелгі қазақтар мен корей ұлтының тұрмыс-тіршілігінен көп мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар