Кореяда бала қағып кеткен қазақстандыққа қатысты жаңа мәліметтер жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер мининстрілігінде Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы көлікпен қағып кету күдігіне іліккен қазақстандыққа қатысты тың мәліметтер айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл оқиға резонансты сипатқа ие болды. Біздің консул тергеушімен және біздің азаматпен де екі рет кездесті. Ол қамауда ұстау жағдайына шағым айтпаған, сондай-ақ жергілікті тергеу шаралары тарапынан қысым көрсетілмеген. Бастапқыда оған Оңтүстік Корея тарапынан мемлекеттік адвокат ұсынылды. Қазіргі кезде жеке адвокатты жалдау қарастырылып жатыр», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, Сеулдегі Қазақстан елшілігі білікті қорғаушыны іздестіру тұрғысында барлық қажетті шараларды атқаруда.

«Тергеушімен кездесу қорытындысы бойынша оған бірнеше айып тағылды. Осы орайда оқиға орнынан қашу, көлік құралын тіркеу кезінде міндеттемелерді бұзу, сақтандырудың жоқтығы, сондай-ақ жүргізушілік куәліктің болмауы секілді айыптар айтылды. Жалпы, корей жағының мәліметтеріне қарағанда, оған бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе тиісті деңгейдегі айыппұл сомасы түріндегі жаза берілуі мүмкін», - деді ресми өкіл.

Еске сала кетейік, біраз уақыт бұрын Қазақстан азаматы Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы қағып, оқиға орнынан ізін суытқан еді.

Кейін оның Павлодарда жүргені белгілі болды.

14 қазанда Қазақстан азаматы тергеу іс-шараларына қатысу үшін Сеул қаласына өз еркімен ұшып барды.

Соңғы жаңалықтар