Корея сарапшысы баспанамен қамтудың тиімді тәжірибесі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АЭФ-2019 барысында Кореяның Тұрғын үй кепілдік беру корпорациясының басқарма төрағасы Ли Чае Кван өз елінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соғыстан кейінгі кезеңде Корея Республикасының үкіметі экономикалық өсімге аса назар аударды. Корея индустрияландыру кезеңінен өтті, бұл тұрғыда қарқынды урбанизация мен халық санының жылдам өсуі секілді тиісті мәселелер туындады. Сондықтан біздің үкімет баспана салуға тың серпін беру үшін тұрғын үй құрылысының актісін енгізді», - деді Ли Чае Кван «Қолжетімді тұрғын үйдің заманауи экожүйесін құрудағы мемлекеттің рөлі» атты панельдік сессияда.

Оның сөзіне қарағанда, Кореяда аталған кезеңде баспанамен қамтамасыз ету деңгейі өте төмен болды. Халықтың саны жылдам өскендіктен, екі отбасы бір үйде тұруға мәжбүр болды.

«Осы орайда, корей үкіметі баспана ұсынысын жалдамдату үшін экономикалық дамудың жаңа саясатын бекіту шешімін жасады. 80-ші жылдары үкімет әлеуметтік тұрақтылық тұрғысында баспанамен толыққанды қамтамасыз ету ең маңызды мәселе екенін түсінді. Сондықтан Сеул қаласы маңында ауқымды көлемде тұрғын үйлер салына бастады. Осы жоспарды қаржыландыру үшін ұлттық тұрғын үй қоры 1981 жылы іске қосылды», - деді спикер.

Оның атап өтуінше, Ұлттық тұрғын үй қорын Корея Республикасының үкіметі басқарады, оның активінде 163 млрд доллар қамтылған.

Бұдан бөлек, ол халықты баспанамен қаматамасыз ету бойынша аталған Корпорацияның жоспары туралы айтып берді.

«Корей үкіметі табысы төмен тұрғындарға, жас отбасылар мен жастар үшін бейімделген баспананы ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл ретте арнайы аудандар салынады. Егде жастағы адамдар үшін бөлек инфрақұрылым қарастырылады. Табысы төмен адамдар үкімет қолдауымен жалға берілетін пәтерлерде тұра алады», - деді сарапшы.

Сонымен қатар, Ли Чае Кван Қазақстанда тұрғын үймен қамтамасыз ету қадамдары бойынша қай бағытта ілгерілеу керектігін айтты.

«Қазақстанда баспана санын арттырумен қатар, сапаны көтеру шараларына мән беру керек. Жас отбасылар мен халықтың басқа да бөлігін қамтамасыз ету үшін қаржыландыруды ескеріп, олар үшін қолжетімді баспана ұсыну қажет», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, АЭФ-2019 аясындағы панельдік сессияда «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғысындағы халықаралық тәжірибе туралы баяндады.

Осы орайда бірыңғай оператор енгізудің оңтайлы қадамдары атап өтілді.

Айта кетейік, панельдік сессия барысында халық үшін қолжетімді тұрғын үйдің қазіргі заманғы экожүйесін құрудағы мемлекеттің рөлі; заманауи технологияларды қолдану арқылы қала құрылысы шешімдері және құрылыс саласын цифрландыру; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тұрғын үй блогын шетелдік үздік тәжірибені ескере отырып, баспана құрылысы бойынша бірыңғай операторға трансформациялау тақырыптары қамтылды.

Соңғы жаңалықтар