Көрерменге қазақ киносын қарауға мүмкіндік беру керек - Бауыржан Шөкенов

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өндірісіне мемлекеттік қаражат бөлінген фильмдер неліктен көрерменнің назарына жетпейді? Біздің кинопрокаттағы отандық картиналардың жағдайы қандай? Осы және басқа да сұрақтарға «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов жауап берді.

- Бауыржан Камалұлы, әңгімемізді қазақ киносының прокаттағы жағдайынан бастағым келіп отыр ...

- Прокат десеңіз статистиканы алға тартайын, мысал ретінде өткен тамыз айын қарастырайық. RENTRAK компаниясының мәліметі бойынша, Қазақстанда тамыз айында барлығы 55 фильм прокатқа шыққан. Кірістердің жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеден асты. Прокатта алты қазақстандық фильм ғана болған, бірақ оларға жалпы алымдардың үштен бірі (30,1%) тиесілі. Негізінде, көрсеткіштер мынадай: АҚШ шығарған 21 фильм (38,1%) жалпы кірістің 63,9%-ын жинады. Еуропалық 17 картина көрсетілген фильмдердің 30,9%-ын алды. Олардың кірісі – 2,4%. Қалған 11-і – Канада, Мексика, Австралия, Қытай және Ресей елдерінің фильмдері. Оларға прокатта болған барлық картиналардың бестен бір бөлігі және тамыз айындағы бүкіл жалпы кірістің тек 3,5%-ы ғана тиесілі.

Мінеки, осындағы соңғы көрсеткіш көзге оттай басылады. Мынадай сұрақ туындайды: экономикалық тұрғыдан шамалы нәтиже беретін картиналарға экран уақытының 20 пайызын беру қаншалықты орынды және қаншалықты тиімді?

- Мүмкін, бұл қарапайым кино шығар. Кассаны жинайтын блокбастерлер болады, жәй көрсетілетін фильмдер де болады емес пе?

- Дәл солай. Бірақ, мәселе мынада, қазір біздің кинотеатрлардың экранына мемлекеттің қолдауымен түсірілген 12 жаңа картина шыға алмай отыр. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында прокаттау жоспарланған 12 фильм. Мен сізге айтайын, егер сол «үш пайызды» алып тұрған біздің көрерменіміз үшін таныс емес елдерде, сұранысы жоқ елдерде шығарылған фильмдердің кем дегенде жартысын біздің режиссерлер түсірген фильмдермен ауыстырса, үш пайыз алты, тіпті тоғыз пайызға дейін көтерілетін еді. Басқаша айтқанда, біздің картиналарымыз арқылы екі-үш есе көп ақша табуға болады. Бұл өте маңызды мәселе, біз мұны жақын арада киноиндустриядағы әріптестерімізбен талқыға салып, қандай да бір шешім табуымыз керек.

- Ендеше сіз жаңа айтқандай, кинотеатрларда касса жинамайтын Қытай, Канада және Мексика елдерінің фильмдері неліктен көрсетіледі? Біздікін неге осылардың орнына көрсетпеске? Бұл қалай болды?

- Мұны анықтап, тарқатуға тырысып көрейік. Мысалы, жақында «Мама, я живая!» фильмінің продюсерлері сөз сөйледі, олар өз фильмдерін ірі желілерде прокатқа шығарғысы келді, бірақ әрекеттері сәтсіз болды. Кино желілері мен Орталық арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы, кезінде біреуге біреу қажетті қолдау көрсетпеуі себеп болып отыр деген ақпарат айтылды. Бірақ, Киноорталық арнайы бір компанияларға атаулы қолдау көрсетуге құқылы еместігін түсіну керек, бұл мемлекеттік қолдауды бөлетін бірыңғай оператор, тиісінше ол қолдауды тек заңдар мен заңнамалық актілерге сәйкес жарияланған конкурс арқылы көрсете алады. Осыны жеткізгім келеді, бұл – бірінші маңызды мәселе.

Екінші себеп – мұндай фильмдерді елге әкелетін дистрибьюторлер тарапынан болатын қысым. Кәсіби тілде бұл «пакеттік кескіндеме» деп аталады – блокбастерлермен қоса қалғанының бәрін аласың. Еш қисынсыз нәрсе. Шынында да, бұл фильмдерді кинотеатрларда көрсету үшін белгілі бір шығындар қажет: логистика, субтитрлеу және т.б. Бірақ, фильм әдеттегідей табыс әкелмесе, мұндай шығындардың мәні неде? Бағана айтылған үш пайызға келетін болсақ, мәселе тіпті ол арқылы біреудің ақша табуында емес. Дистрибьютор бұл шығындарды өз пакетіндегі «кассалық» фильмдер арқылы өтейді, ал кинотеатрлар ше? Олар сол фильмдер арқылы көп ақша таппайтыны белгілі. Онда неге мұндай киноны отандық фильмдерге алмастырмасқа?

- Шындыққа тура қарайық. Прокаттан түскен табыстың үштен бір бөлігін алып келген алты қазақстандық фильм – комедиялар. Кассалық алымдар бойынша олармен бәсекелесу нәтижесіз бизнес емес пе?

- Ал олармен ешкім бәсекелес болайын деп отырған жоқ. Мен кинопрокат саласындағы экзотикалық елдердің картиналарына қайта-қайта назар аударып отырғаным бекер емес. Неліктен біз олардың орнына өз картиналарымызды көрсетіп, одан да көп нәтижеге қол жеткізе алмаймыз? Айта кетсек, бұл тек қаржылық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді.

Біріншіден, оның артында қазақ киносын дәріптеу тұр. Екіншіден, осы салада жұмыс істейтін өндірістік компанияларға қолдау көрсетіледі. Үшіншіден, ең бастысы, біз кинематография «тарихын» қалыптастыру арқылы жас, жаңа есімдерді насихаттаймыз. Бұл – жаңа тұлғалар, жаңа қызықты актерлер мен режиссерлер, экрандарда пайда болатын жаңа киножобалар. Мысал ретінде Данияр Алшынов пен Асқар Ілиясовты алайық. Олар қазірдің өзінде өте маңызды халықаралық деңгейге шыққан. Олар рөл сомдаған фильмдердің саны артып келеді. Бұл, әрине, көрермен үшін қызықты.

Прокаты қыркүйек айының соңына жоспарланған ВГИК түлегі Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» атты өте қызықты режиссерлік дебюттік жұмысын мысалға алуға болады. Әділхан Ержановтың «Носорог» картинасы белсенді жұмыс үстінде және оған Александр Роднянский сияқты ірі продюсердің қатысуы біздің киноға деген қызығушылықтың маңызды көрсеткіші екені сөзсіз. Барлығымыз, тек Киноорталық қана емес, дистрибьюторлар да, кинотеатрлар да осы үрдістерді көріп, шетте қалмауы керек.

Әрине, біздің картиналарымыздың Токио, Берлин және т.б. ірі кинофестивальдердегі көптеген жетістіктерін ескеру қажет. Олар да – біздің киноға деген қызығушылықтың көп екенінің көрнекі көрсеткіші. Қазақстандық көрерменді бұл алаңнан тыс қалдыру дұрыс емес. Идеология тұрғысынан да, индустрияны дамыту тұрғысынан да, кірістер тұрғысынан да. Бұл фильмдерді прокатқа шығару, ыңғайлы көрсетілім уақытын, сеанстардың жақсы санын беру – мұның бәрі көрерменге осы фильмді көруге және фильмге өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Нарықта, индустрияда бізге тек алға жылжу керек. Өз кезегінде, біз әкімшілік ететін бюджеттік бағдарламалар аясында полиграфия, тираждау, коммерциялық емес көрсетілімдер ұйымдастыру, жаңа картиналардың тұсаукесерлерін өткізуді өзімізге аламыз.

- Бізде әйтеуір бір жаңа мемлекеттік бағдарламалар шығарылып жатады ғой. Бірақ, бүкіл әлем жұмыс істеп жүрген дайын механизмдер бар, мысалы Франциядағыдай квоталау…

- Француз заңнамасында «квоталау» ұғымы жоқ. Дәлірек айтқанда, бұл болды, бірақ тек 1946 жылдан 1950 жылға дейін. Оларда қазір мынадай ережеден тұратын мультиплекс заңы қолданысқа енгізілген: бір кинотеатр бір фильмге бір күнде экран уақытының ары кеткенде 30 пайызын ғана бере алады. Бұл ереже неліктен мультиплекс заңы деп аталады, себебі көпзалды кинотеатрлардың қызметін реттеу үшін қабылданған. Өткен жылы «Кинематография туралы» Заңға өзгерістер енгізілгенде, біз осындай нормаға бастамашы болдық. Кинотеатрлардың өкілдерімен зум арқылы кездесулер өткіздік, олармен сөйлестік, ұлттық фильмдермен толықтырыла алатын арасында өте аз бос уақыты бар көрсетілім сызбасын құрдық, бірақ барлық кинотеатрлар мен барлық дистрибьюторлар қарсы шықты. Оларды «Атамекен» ҰКП қолдады.

Осы жылдың басында біз өз картиналарымызды таныстырғаннан кейін, іс алға жылжығандай болды. Бұл кезеңде прокаттаушылар біздің фильмдерімізді бірінші көреді, содан кейін оларды өз кестелеріне енгізуге тырысатын болады деп келіскенбіз. Бұдан кейін не болды? Кинотеатрлар көрсетілім үшін алдын ала төлем талап етсе, дистрибьюторлар біздің өндірушілерден дистрибуция үшін ақша ала бастады, бірақ ешқайсысы әр картина үшін кем дегенде қарапайым сеанстар санын береміз деп уәде етпеді! Нәтижесінде, фильмдердің өте аз санын айтпағанда, бізге ең ыңғайсыз уақыт пен екі-үш сеанс берілді – көрермен біздің кинотеатрларда отандық фильмдерді осындай жолмен ғана көре алды.

- Өзіңіз айтқан Франциядағы мультиплекс заңының ұлттық киноны қолдауға қатысы бар ма?

- Ешқандай қатысы жоқ. Онда мемлекет реттеумен айналысады. Бұл сұхбат тақырыбы қайдан пайда болды: мемлекет бұрмалануды көргенде, ол мәселені реттеуге араласа бастайды.

Прокаттау бойынша талдаулар мен әңгіменің басында келтірген мысалдарды біз ай сайын Мәдениет және спорт министрлігіне қызметтік хат түрінде береміз. Мұның салдары қандай болуы мүмкін екенін түсінесіз бе? Егер сала ұсынылған шешім жолдарымен келіспесе, ал мемлекеттің бұл процеске араласуға мүмкіндігі бар болса, ол ешкімге қарамай жоғарыдан реттей бастайды және ойын ережелерін өзі жазады. Ал мұндайдан бәріміз де алыс болғымыз келетіні анық. Керісінше, бәрін бейбіт жолмен шешуге болады. Өйткені, фильмге кинотеатрға шығуға, ал кинотеатрға одан ақша табуға мүмкіндік берілетін болса, бұл – қалыпты жұмыс істейтін нарықтық заң, одан бәрі де пайда табады. Кинотеатрлар ұлттық киноны көрсетуге қызығушылық танытады, өйткені ол бұрын кинотеатрларға бармайтын аудиторияны жинайды және ақша табады. Бұл мемлекетке де тиімді: ол киноға инвестиция жасайды, яғни көңіл көтеруге арналған кино емес, белгілі бір киноға ақша құяды және бұл киноға сатып алынған билеттер мен көрермендер аудиториясы түріндегі кері байланысқа ие болады.

- Қалай болғанда да, егер мемлекет өзі қаржыландырған картиналарды ілгерілеткісі келсе, кинотеатрларға қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарлама керек шығар?

- Тағы да халықаралық тәжірибеге жүгінейік, бастаған екенбіз Франция мен Ресей мысалын әрі қарай қарастырайық. Қазіргі жағдайды белгілі себептерге байланысты айтпай-ақ қояйық. Меніңше, пандемия кезеңіндегі жағдай көрнекі мысал бола алады. Францияда кинотеатрларға 16 миллион еуро көлемінде көмек көрсетілді. Бірақ, бұл көмектің механизмін қарастырайық. Францияда мемлекет кинотеатрларға қолдау көрсетпейді. Бұл мүмкін емес, мемлекет бұл салаға бір тиын салмайды. Мұның бәрі тек CNC (Centre national du cinéma et de l'image animéeа) – Францияның кино орталығы арқылы жүзеге асады. Ол кинотеатрларда әр сатылған билеттен ақша жинап, кейін жыл соңында оларды қайтарады. Барлық 100 пайызын емес, белгілі бір төмендету коэффициентін қолдану арқылы. Бұл залдардың, жұмыс істейтін желілердің санына байланысты. Ал, пандемия кезінде CNC бұл ақшаны жылдың соңында емес, пандемия кезеңінде, яғни жыл ішінде пайдалануға рұқсат берді. Ең бастысы – олар бұл ақшаны кинотеатр қызметкерлерінің жалақысын төлеуге пайдалануға рұқсат берді. Бұл форс-мажорлық жағдайларға байланысты, қолданыстағы нормаларды бұза отырып жасалды, өйткені егер ақша кинотеатрларға қайтарылса, олар қатаң белгіленген мақсаттарға жұмсалады: технологияларды жақсарту, көрермендерге қызмет көрсету сапасын жақсарту және т.б., бірақ еңбекақы қорына емес.

Ресейде ол кезде Үкіметтің Федералды резервтік қорынан бүкіл салаға көмектесу үшін 4,4 миллиард рубль бөлінді. Бұл ақшаның жартысы ұлттық киноны шығарумен айналысатын өндірістік компанияларға, екінші жартысы кинотеатрларға кетті. Мұнда ақшаны бөлу механизмі келесідей болды: әрбір кинотеатр мен әрбір кинотеатр желісі есеп берді – олар ЕАИС арқылы көрсетілген ұлттық фильмдердің үлесі қандай екенін көре алды. Осы үлеске пропорционалды түрде олар мемлекеттен көмек алды, әрине салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша қарыздардың болмауы есепке алынды.

- Ал бізде кинотеатрларға ешқандай көмек көрсетілмеді. Неге?

- Пандемия кезінде біз саланы қолдауға ақша сұраған кезде (біз бірнеше рет жазбаша түрде осындай өтініштермен Мәдениет министрлігі мен Үкіметке жүгіндік), бізге мынадай сұрақ қойылды: механизм қандай болады? Бұған біз жауап бере алмадық, өйткені ол кезде ұлттық мәртебесін тек бір-екі фильм ғана алған, ал нарықтағы фильмдер онсыз да кіріс әкеліп жатты.

Сол уақытта кейбір фильмдеріміздің прокатқа шыға алмай тұрғаны, кейбір фильмдер үшін дистрибьюторлар алдын ала төлем сұрап жатқаны туралы анықтама беріледі. Қалайша мемлекет бұл талаптарға келіседі?

Мен назар аударғым келетін ең басты нәрсе: біздің түсінігіміз бен ынтымақтастығымыз тек мемлекетке ғана қажет емес. Бұл, ең алдымен, индустрияның өзіне қажет. Ол өзін-өзі қамтамасыз етуі керек. Ал бұл, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, отандық киноның ел экрандарындағы 30 пайыздық үлесімен қамтамасыз етіледі. Егер біз қандай да бір себептерге байланысты голливуд контентінсіз қалатын болсақ, онда тек өзіміздің ұлттық өнім ғана саланы ұстап тұра алады.

Сондықтан, қайталап айтамын, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын күшті киноиндустрияны біз тек күш-жігерімізді біріктіре отырып құра аламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!


Фото: brod.kz




Соңғы жаңалықтар