Көрерменді жылату оңай, күлдіру қиын - Майра Мұхамедқызы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Менің бала кезімдегі арманым орындалды. Ертең Алматыда өтетін «Айсұлу» комедиялық операсында басты рөлді сомдайтын Майра Мұхамедқызы осылай деді.

«Көрерменді жылату оңай, күлдіру қиын. Мен үшін комедиялық рөлді сомдау өте қиынға соқты. Бірақ барынша тырысып жатырмын. Бағасын ертең бере жатарсыздар», - деді ол. Оның айтуынша, Айсұлудың бойында барша қазақ қыздарына тән ұяңдық, нәзіктік, тазалық қасиеттері жинақталған.

Сонымен қатар, әнші өзінің бала кездегі арманының орындалғанын айтады.

«Туынды сюжетінде басты кейіпкер Айсұлу сұлулық байқауына қатысып, жеңімпаз атанады. Мен бала кезімнен сұлулық байқауына қатыссам деген арманым болатын. Енді сахнада болса да менің арманым орындалатын болды», - деді Майра Мұхамедқызы.

Естеріңізге сала кетейік, ертең Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қазақтың алғашқы комедиялық «Айсұлу» операсының премьерасы өтеді.

Бұл мәдени шара қазақтың қарымды композиторы Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 90 жыл толуына, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Ең алғаш рет бұл опера 1964 жылы Алматыда қойылған. Ол кезде туындыны белгілі режиссер Кәукен Кенжетаев сахналаған болатын.

Ал, туындыдағы басты образдар - Серке рөлін Ермек Серкебаев, Айсұлуды Роза Жаманова сомдап шыққан еді.

Соңғы жаңалықтар