«Корё ильбо» газеті Алматыда 95 жылдық мерейтойын атап өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 95 жылдық тарихы бар «Корё ильбо» республикалық газетінің мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Корё ильбо» республикалық кәріс газетінің алғашқы саны 1923 жылы 1 наурызда жарыққа шыққан. Ресейдің қиыр шығысында «Seonbong» (선봉) деген атаумен таралған басылым, 1937 жылы кәрістермен бірге Қазақстанға «жер аударылды». Қызылордаға орналасқан редакция «Ленин кичи» (Ленин туы) аталып, газет кәріс тілінде басылды. Республикааралық статусы бар газет Орталық Азия елдерінде танымал. Соғыс жылдары мен қайта құру кезеңдерінен өткен баспасөздің бай тарихын бас редактор Константин Ким баяндап берді.

«1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғанда «Корё ильбо» атауын алды. Қазақша мағынасы «Кәріс күнделігі» дегенді білдіретін басылым бетінде кәріс этностары туралы мақалалар жазылады. Еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды да көтеретін газет кәріс және орыс тілдерінде шығады. Корей түбегіндегі тақырыптарды қозғап, шет мемлекеттердегі қандастарымыз туралы қалам тербейміз», - деді газеттің бас редакторы Константин Ким.

Оның айтуынша, Кеңес тұсында газет тиражы 15 мың данамен таралса, бүгінде оның саны 1500-ді құрайды.

«Барлық әлемдік, жетекші баспасөз құралдары мұндай өтпелі кезеңді бастан кешуде. Қазір басылымның ғаламторлық нұсқасын дамытуға күш салудамыз.  Заманауи тенденциядан қалмау керек. Ал газет мәдениетіміздің, тарихымыздың қайнар бұлағы, рухани мұрамыз болып қала бермек», - деді ол.

Көпұлтты Қазақстанның медиакеңістігінің ажырамас бөлігі саналатын «Корё ильбоны»  мерейтойымен құттықтауға  Қазақстан халқы Ассамблесы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко келді.

«Депортация кезінде Қазақстанға жер аударылған ұлттардың ішінде өз газеті мен театрын алып келген бірден-бір ұлт - кәрістер. Осыған қарап-ақ мәдениетке, салт-дәстүрге қандай құрметпен қарайтындарыңызды байқауға болады. Сіздер  бейбіт өмір сүрудің, талмай еңбек етудің үлгісіздер. Артта қалған қиын күндер үшін аға буынға алғыс», - деді ол. 

null null null null 

Соңғы жаңалықтар