Қордайлықтардың мәселелері «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында шешілуде

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған ақпараттық-түсіндіру топтары Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, түрлі саладағы өзекті мәселелерге талдау жүргізді. Өңір басшысының төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте талдау нәтижелері сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамына 107 адам енген. Олардың қатарында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, прокуратураның, этномәдени бірлестіктердің және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіпкерлерді қолдау институттарының өкілдері, депутаттар, имамдар бар. Олар Қордай ауданының ауылдарында тұрғындармен кездесулер өткізіп, ұсыныстар мен шағымдарға құлақ түрді. Онда мәдени-көпшілік, спорттық іс-шаралар, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, кеңес беру алаңдары жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері де әдістемелік көмек ала білді.

«Топтар бес бағыт бойынша жұмыс істеп, мемлекеттік саясатты түсіндіру, әлеуметтік және діни саладағы мәселелерді саралап, жергілікті құқық қорғау органдарының жұмысын, ауылдағы бизнесті дамыту шараларын зерттеді», - деп атап өтті ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов.


Талдау нәтижесінде басым салалар анықталды. Олар – мәдениет, спорт, жастар саясаты, тіл мәселелері.

Алға, Сұлутөр, Сортөбе, Масаншы ауылдарында жастарға арналған спорт мектептері мен шығармашылық орталықтар, ал Отар ауылында спорт кешені салу қажеттілігі көтерілді. Бұқаралық спортты дамыту үшін облыстық және республикалық деңгейдегі турнирлерді жүйелі түрде өткізудің маңыздылығы айтылды.

Кейбір ауылдарда ауылдық клубтар жоқ. Студенттер арасында өзара достық қарым-қатынасты нығайту үшін аудан орталығында Достық орталығын ашу ұсынылды. Жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа жатақхана салу керек.

Сондай-ақ, Қарасу ауылындағы орта мектеп оқушыларының ата-аналары балаларды тасымалдау үшін автобус бөлуді сұрады. Ал, Масаншы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт қажет.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтың басшылығымен аталмыш жоба аясында екінші топ отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек құжаттарын ресімдеуге, жұмыссыздарға, ерекше қажеттілігі бар ауыл тұрғындарына шипажайға жолдамаға қол жеткізуге және міндетті гигиеналық құралдар алуға көмектесті.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша бес адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілсе, үш адам қоғамдық, төрт адам әлеуметтік жұмысқа орналасқан. Тағы екеуі жастар практикасынан өтуде десек, 15 ауыл тұрғыны грант иеленіп бизнес-жобамен жұмыс істеу бағытында кеңес ала алды. Ал, 11 отбасы еліміздің солтүстігіне көшуге дайын.

Сонымен қатар тұрғындарға медициналық тексеру жүргізіліп, екі тұрғынға отаға квота берілді.

Бұдан бөлек, коронавирустың алдын алу, міндетті медициналық сақтандыру тақырыптары бойынша семинарлар өтті.

Басқосуда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков үшінші топтың жұмысы туралы баяндады. Ол бизнесті дамыту бағытында Қордай ауданында 219 миллион теңгеге 51 жоба іске асырылатынын, ол бойынша Даму институттарының филиалдары қолдау көрсететінін жеткізді.

Басқарма басшысының орынбасары Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге кәсіпкерлік курстарын өткізу, бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы жеке семинарлар ұйымдастыруды ұсынды.

Ал төртінші топтың жұмысына тоқталған дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров 62 мешіт пен алты шіркеуде келушілерімен кездесу өткізілгенін тілге тиек етті. Онда діни саладағы мемлекеттік саясат және заңнама нормалары түсіндірілген.

Сонымен қатар, жиында құқық қорғау блогы тобының жұмысы да тыңдалды. Ол туралы Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Қанат Мамаев хабарлады.

Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет барлық жұмыс топтарының ескертулері ескерілгеніне, оларды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетініне сендірді.

«Бейбітшілік және келісім» жобасы шеңберінде Қордай ауданының жол картасы жасалып, оған кеңесте талқыланған барлық мәселелер енетін болады. Мұндай шаралар басқа аудандарда да өтеді. Біздің басты мақсатымыз – қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингі, жергілікті халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді анықтау және шешу. Сіздердің барлық ұсыныстарыңыз мұқият назарға алынып, аяғына дейін жеткізілуі тиіс», - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.


Соңғы жаңалықтар