Қордайлықтар екі мұқтаж отбасына асарлатып үй алып берді

None
None
ҚОРДАЙ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтың ертеден келе жатқан игі дәстүрі қайта жанданды. Аудан тұрғындары қаражат жинап, көмекке мұқтаж екі бірдей отбасына баспана алып берді. Бірінші үй Күнбатыс-2 ауылында болса, екіншісі Булар батыр ауылында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Игі іс «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жүзеге асқан.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 1 наурыз - Алғыс айту күніне орайластырылған қайырымдылық шарасы алдымен Күнбатыс-2 ауылында басталды.

Мұнда көпбалалы ана Айман Арыноваға 4 бөлмелі үйдің кілті тапсырылды.

Қоныстой иесін құттықтау үшін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышов, жергілікті атқарушы орган өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары және баспаналы болған отбасының ет бауыр жақындары жиналды.

Қуаныш иесін ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет және облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов құттықтаса, Сержан Қуанышов салтанатты түрде үй кілтін ұсынды.

«Бізге қамқорлық көрсеткен жандарға айтар алғысым шексіз. Енді үйіміз бар, келесі мақсатымыз - балаларымызға тәрбие беріп оқыту, елін сүйер азамат қылу. Асар жобасына ұйытқы болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан басшылығына және барша қолдау көрсеткен ауылдықтарға рақметімді айтамын», - дейді алты баланың анасы Айман Арынова.

1600000 теңгеге алынған үй 4 бөлмелі. Үй аймағында 35 соттық жері бар.

Демеушілердің айтуынша, алдағы уақытта үйге қосымша бөлме салып беру жоспарланып отыр.

Осыдан кейін құттықтау легі Бұлар батыр ауылында жалғасты. Мұнда жалғызбасты ана Софиян Исхароваға үй берілді.

Баспана иесін Лугмар Буларов және ауданның құрметті азаматы Төле Сүгірбай құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Олар Софиян Исхароваға салтанатты түрде үйдің кілтін ұсынса, ұлттық киім киген әжелер қазақы шашу шашты.

6 бөлмелі үйдің 15 сотық жері бар, барлық жағдайы жасалған. Баспаналы бақытына ие болған ана қуаныш әсерімен бөлісіп, көпшілікке алғысын айтты.

«Менің күйеуім жол апатынан қайтыс болып, екі баламмен жалғыз қалдым. Қиын жағдайға тап болғанымды естіген ауыл тұрғындары ақша жинап, осындай керемет үйді алып берді. Осы істі атқарған, қол ұшын көмегін аямаған барша азаматтарға алғысым шексіз», — дейді үй иесі.

Айта кету керек, аталған ауылдарда «Асар» жобасын «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы қолдап, оған жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және де қарапайым ауыл тұрғындары ақша аударып, игі іс атқаруға ниет білдірді.

Қоғамдық қауымдастықтың жетекшісі Айша Идыбоның айтуынша, асар дәстүрі мұнымен тоқталмай, жалғасын табады.

Жақын арада мұқтаж жандарға тағы да баспана сыйлау жоспарда бар екен.


Соңғы жаңалықтар