+7 (701) 759 90 19
USD 408.61 EUR 454.09
RUB 5.86 CNY 57.28
Jańalyqtar

Қордайлықтар Алғыс айту күнін жоғары деңгейде тойлады

2020 жылғы 29 ақпан 21:56
Бөлісіңіз:
Қордайлықтар Алғыс айту күнін жоғары деңгейде тойлады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысының барлық аудан-ауылдарында ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғыс айту күні мерекесі Қордай ауылында кең көлемде аталып өтті. Күн нұрымен шуағын шашқан көктемнің алғашқы күнін ауыл тұрғындары көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Таң сәріден орталық алаңға қалың көпшілік жиналып, айтулы мерекені тойлай бастады. Айта кететіні, бұл мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен тұспа тұс келді.

Ең әуелі Ноғайбай би ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтіп, жиналғандар баба рухына тағзым етті. Содан соң халық сахна алдына қарай бет алды. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, бозкілем төселіп, кең дастархан жайылды. Жас спортшылар алаңдағы тоғызқұмалақ ойынын ойнап, бозкілемде өнерін көрсетсе, енді біреулері қол күрестіріп, өзара мықтыны анықтады. Ал, сахна төріне түрлі ұлт өкілдерінен құралған аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, бар өнерін паш етті. Аудан әкімі Рүстем Дәулет және аудан ақсақалдары жиналған көпшілікті Алғыс айту күнімен құттықтап, ізгі тілектерін аямады. Кейіннен түрлі ұлт өкілдері сахнаға көтеріліп, халықты бірлікке шақырып, қазақ халқына алғысын айтты.

Ауданның ұлттық мәдени бірлестік өкілдері сахна маңына орнатылған шаңырақ астында «Достық» биін билеп, кейін барша тұрғындарға ұлттық астан дәм татуға шақырды. Жиналған көпшілік керемет ұйымдастырылған іс-шараға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы және Сортөбе ауылдарында болып, тұрғындарды мерекемен құттықтап, қоғамдағы бірлікті, бейбітшілік пен келісімді сақтауға шақырды.

- Сонау қиын-қыстау кезеңдерде көптеген этностар мен ұлттар қазақ жеріне қоныс аударды. Қазақтар ешкімнің де діні мен тіліне қарамай, құшақ жая қарсы алып, қолындағы нанымен бөлісті. Содан бері жергілікті халық пен қоныс аударушылар етене араласып, тату-тәтті тірлік кешуде. Қазақстан – достықтың орталығы, - деген облыс әкімі аудандағы ахуалдың тұрақталғанын баса айтып өтті.

Сондай-ақ, кездесуде Масаншы ауылының тұрғыны Луй Исхар елдегі барлық этностардың тату-тәтті тіршілігін тілге тиек етіп, оларды мемлекеттік тілді меңгеруге шақырды.


- Біз Қазақстанда тұрып жатқан соң мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге міндеттіміз. Қазақстан бізге өз мәдениетіміз бен дәстүрімізді сақтауға жағдай жасады. Біз де енді өз кезегімізде қазақ тілін білу арқылы оларға деген құрметімізді көрсетуге тиіспіз. Мемлекеттік тілді білсек өзара қарым-қатынасымыз да тереңдей түсері сөзсіз,-дейді Л.Исхар.




Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қажы Мұрат

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT