Қордайға қонаққа келген елордалық ерлі-зайыптылар коронавирустан айығып кетті

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – 20 сәуір күні Жамбыл облысында коронавирус инфекциясынан тағы бес адам емделіп, үйіне шығарылды. Олардың қатарында Түркия азаматы, Нұр-Сұлтан қаласы, Қордай ауданы және Алматы облысының тұрғындары бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

1961 жылы туған Түркия азаматы Жамбыл облысына Қырғыз Республикасынан үлкен жүк көлігімен келген. COVID-19 талдауы оң нәтиже көрсеткеннен кейін инфекциялық стационарға жатқызылған болатын. Сол секілді 1999 жылы туған Алматы облысының тұрғыны Дели-Тараз рейсінің коронавирус инфекциясы анықталған алты жолаушысының бірі болып табылады.

Ал, 1990 және 1991 жылы туған ерлі-зайыптылар Нұр-Сұлтан қаласынан Қордай ауданында келген кезде олардан COVID-19 вирусы табылған еді. Бүгінде олар қауіпті дерттен айықты. Сондай-ақ, Қордай ауданының 1996 жылы туған тұрғыны жақын байланыста болғаны үшін 3 сәуірде ауруханаға жатқызылып, коронавирустық инфекция диагнозы расталған.

Бұл тұлғалардың бәрі екі апта бойы инфекциялық стационарда ем алды. Алгоритмге сәйкес, олардан КВИ-ға қайтадан зертханалық талдау алынып, ол теріс нәтиже көрсетті. Енді олар алдағы екі апта бойы үй карантиніне жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында болады.

Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 46 науқас ем алуда, жағдайы тұрақты.

Жалпы аймақта осымен 11 адам коронавирустан сауығып шықты.


Соңғы жаңалықтар