Қордайдан 600-ге жуық отбасы Шу ауданы мен Алматы облысына жұмысқа аттанды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облысының Қордай ауданында тұратын 500-ге жуық отбасы Шу ауданына және 100-ден астам отбасы Алматы облысына егіс жұмыстарына аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көктемгі дала жұмыстарына Қордай ауданынан 467 отбасы Шу ауданына аттанса, бұдан бөлек 117 отбасы пияз және басқа да көкөніс дақылдарын егумен айналысатын көршілес Алматы облысына бет түзеген.

Қордай ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жалпы көлемі 606 мың гектарды құрайды. Биылғы жылы егістікке 123 мыңнан астам гектар алқап бөлінді. Бұл жерлерге дәнді және майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс егу жоспарланған.


Егіншілер көктемгі дала жұмыстарына алдын ала қамданып, егу үшін сапалы тұқымдар дайындаған. 560-тан астам трактор, 278 тұқым сепкіш, 1600-ден астам тырма және 150 қопсытқыш қондырғылары әзірленген. Олардың қатарында лизингке сатып алынған жаңа қондырғылар да бар. Ауыл шаруашылығы техникаларын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапқан. Дала жұмыстарын жүргізуге 2405 тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылған. Минералды тыңайтқыштарға келетін болсақ, ауданда бұл мәселе бойынша «КазАзот» АҚ және «Казфосфат» ЖШС-мен келісім жасалған.

Көктемгі дала жұмыстары барысында 81,5 мың гектар ауылшаруашылық жерлері немесе жоспарланған алқап 100 пайыз егістікке дайындалған. Бүгінде жаздық арпа, көпжылдық шөптер, көкөніс, бақша дақылдары толығымен егіліп үлгерілді. Майлы дақылдар мен жүгері дәнін себу шаралары жалғасуда. Жұмыстар барлық агротехникалық шараларды қатаң сақтай отырып және егуге қолайлы мерзімде атқарылуда.


Бүгінгі таңда ауданда күздік бидай 22 мың гектарға, арпа - 42 мың гектарға, көпжылдық шөптер мен көкөністер 8,200 гектарға, картоп - 3200 гектарға егілген.

Аудандағы Жамбыл ауылдық округі ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаға қатысушылардың қатарына енген. Ондағы шаруалар 8,5 миллион теңгеге қаржыландырылған «Жанатурмыс-Бірлік» кооперативіне бірігуде. Аталған қаражат тұқымдар, тыңайтқыштар және өсімдіктерді химиялық қорғау құралдарын сатып алуға бағытталған.

Жоба аясында 950 аула қамтылған. Олардың иелігіндегі 62 гектар ауыл шаруашылық жерлеріне картоп, қияр және сәбіз егілді. Кооператив мүшелері 620 тоннаға дейін картоп, 434 тонна сәбіз және 192 тонна қияр алуды жоспарлап отыр.




Соңғы жаңалықтар